Фото: 7Kun.kz

Ол елімізде үкіметтік емес ұйымдар секторын мемлекет тарапынан қолдаудың келесідей меxанизмдері қалыптасып, жұмыс істейтінін атап өтті. Ол: мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттық қаржыландыру және сыйлықақылар.

«Ұсынылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне коммерциялық емес ұйымдар қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттық қаржыландыру және сыйлықақылар саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатындағы ҚР Үкіметінің Заңды жобалау жұмыстары жоспарына сәйкес әзірленді», — деді ол.

Министрдің айтуынша, заң жобасы нормаларын әзірлеу барысында Ұлыбритания, Канада, АҚШ, Польша, Франция мен Хорватия сияқты елдердің халықаралық тәжірибесі зерделеніп, ең озық тәжірибелер есепке алынған.

«Мысалы, Ұлыбританияда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тақырыптарын қалыптастырмай тұрып, нақты аймақтардағы көкейкесті әлеуметтік мәселелер анықталады. Шетелдерде үкіметтік емес ұйымдар қызметінің маңызды аспектісі ол — есеп беру болып табылады. Өйткені қоғам осы деректердің көмегімен үкіметтік емес ұйымдар қызметінің мәнін түсінеді. Жұмыс тобының отырыстары шеңберінде Заң жобасындағы нормаларды нақтылау мен жетілдіру мақсатында депутаттар бірқатар түзетулерге бастамашылық етті», — деді Нұрлан Ермекбаев.

Ол заң жобасында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексіне және 5 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін айтып, заң жобасының төмендегідей негізгі міндеттеріне тоқталды.

Біріншіден, заң жобасында мақсатты топтардың қажеттіліктеріне талдау жасау, зерделеу және үкіметтік емес ұйымдар ұсыныстары негізінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру процесінің бірыңғай тәсілдері белгіленген.

Екіншіден, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс нәтижелерін бағалауды енгізу жоспарлануда, ол халыққа көрсетілген қызмет сапасына қанағаттану деңгейі мен жоба тиімділігін анықтауға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, үкіметтік емес ұйымдар көрсететін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың сапасына, шарттарына, мазмұнына бірыңғай талаптар немесе стандарттар, сондай-ақ әлеуметтік жобаларды бағалау критерийлерін енгізу ұсынылады.

Төртіншіден, сыйлықақыларды және гранттарды беру механизмі жақсарады.

Бесіншіден, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру, гранттарды ұсыну және сыйлықақыларды беру бағыттары нақтыланады. «Азаматтық қоғамды дамытуға жәрдемдесу, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдардың әлеуеті мен тұрақтылығын арттыру және нығайту» жаңа бағыты қосылады.

Өзгерістердің тағы бір бөлігі — уәкілетті органға мәлімет беретін үкіметтік емес ұйымдардың тізбесін оңтайландырады.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың таныстырлымынан соң депутаттар сұрақтарын қойып, дауыс беру нәтижесі бойынша заң жобасы алғашқы оқылымда мақұлданды.