Тараз. 31 қаңтар. 77news — «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында екі бірдей жаңа кітап жарық көрді. «Қазақстанның жалпыұлттық нысандары» үш тілде мың данамен басылып шықты. Оған 185 киелі мекен кірді, — деп хабарлайды 77news ақпарат агенттігі.

Аталмыш кітап ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері, археологиялық, ортағысырлық қала орталықтары, діни және ғибадат орындары, тұлғалар мен саяси, тарихи оқиғаларға қатысты бес топқа жіктелген. 

Сондай-ақ, екінші кітап — «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітабы. Оның тиражы да мың дана. Басылым қазақ және орыс тілдерінде оқырманға жол тартып отыр. Бұл тізімге 500-ге жуық нысан енгізілген. Сонымен қатар биыл елімізде Ұлытау, Таңбалы тас және Отырар деп аталатын үш киелі орталықтың құрылысы басталады.  

«Жалпыұлттық және өңірлік деген қасиетті жерлер — ең бастысы олардың аңыздары, ғалымдардың ақпараты елдің арасында бұрыннан бері бар киелі жерлер, сонымен қатар әлеуметтік саяси маңызы бар  нысандар. Соны негізге ала отырып, тізімге алғаннан кейін насихаттау, туризмді дамыту мәселесі аймақтарда тарату мәселесі биылдан бастап, кеңінен таратылады, — дейді Берік Әбдіғалиұлы, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы.