Фото: inform.kz

Тараз. 31 қаңтар. 77news —  Допты хоккейден әлем чемпионатын Қазақстан құрамасы сәтті өткізіп жатыр. Чемпионат басталғалы үш ойын өткізіп, ұпай санынан алдыңғы қатарда тұр, — деп хабарлайды 77news тілшісі.

Ресей Федерациясының  Хабаровск қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында допты хоккейден Қазақстан құрамасы алғаш Венгриямен кездесті.  Бұл кездесуде қазақстандықтар Венгрия құрамасын 29:0 есебімен бет қаратпай ұтты. Айқын басымдық көрсеткен ойында Орал допты хоккейінің түлегі, құрама капитаны Рауан Исалиев сегіз голдың авторы атанып, ерекше көзге түсті.

Байрақты бәсекенің келесі ойынында Қазақстан құрамасы АҚШ-пен тай таласқа түсті. Бұл кездесуде жерлестеріміз 14:1 есебімен  америкалық команданы ойсырата ұтты. Нәтижесінде топ басшысы Рауан Исалиев төрт гол соқты. Сондай-ақ Қазақстан құрамасынан қарсылас қақпасына Виктор Чернышев 3, Евгений Леонов пен Артем Вшивков 2 доптан гол салды. Ескендір Нұғманов, Руслан Галяутдинов және Максим Өтебалиев бір реттен көзге түсті.

Ал кеше Қазақстан-Германия  арасындағы  дода 17:2 есебімен біздің елдің пайдасына  шешілді. Бұл ойында  Рауан Исалиев покер (4гол салу), Виктор Чернышев  хет-трик (3гол салу) жасады.

Естеріңізге салсақ, 38-інші әлем чемпионаты 4 ақпан күні мәреге жетеді. Қазақстан құрамасы бұған дейін алты мәрте қола жүлдегер атанған болатын.