Фото: YouTube

Тараз. 31 қаңтар. 77news — Бүгінгінің  жастарын азғырып та, тоздырып та жүрген қайран тоқшылық. Осы тұрғыда аға буын өкілі, талантты актер Азамат Сатыбалды өзінің Инстаграм парақшасында жариялаған жазбасын назарларыңызға ұсынбақпыз.  

«Соңғы кезде,туған күні болған адамның бетіне торт басу деген шығыпты. Бұл енді кесірлік… Ас атасы нанды аяққа таптау. Тоқшылық адамзатты тоздырды. Кесірлік соңы кесапат екенін ұмытпайық!

Ойланыңдар адамдар… Сонау 32-37 жыл аралығында ашаршылықтан өлген қандастарымыз торт емес бір үзім нанға зар болып кеткен. Аштықтың қинағаны соншалық адамның етін жегендер де бар. Қамауда отырған Әлиxан Бөкейxановтың мұрағатта сақталған xатында «бүгін оразаның пәленшесінші күні, аузымды ашатын ештеңе болмаған соң сумен ашып, сумен аузымды бекіттім» деп жазған екен. Осындай арыстарымыздың ұрпақтары нанмен ойнап жүргені қалай???

Қанша аға-апаларымыз бір үзім нан үшін өліп кетті. Қанша қандастарымыз бір тойып тамақ жемей өмірден өтті. Соғыс кезінде аналарымыз бидайды қуырып балаларын асыраған және сол қырманнан көрсетпей алған бір уыс бидайы үшін атылған, ал түрмеге отырғаны қаншама… Болашақ ұрпағымыз нанмен ойнасын деп бабаларымыз жанын қиған жоқ шығар…

Кесір ұрып кетпесін бізді, бауырларым. Астан аттамайық, нанмен ойнамайық. Қарнымыз тоқ, қайғымыз жоқ болғандықтан ғой өстіп есіріп жүргеніміз. Аш болсаңдар көрер едім бетке торт басқандарыңды. Қайран тоқшылық…

«Аш адамның алдында тойып тамақ жегенің, ал кедейдің алдында байлығың туралы сөз қозғама» деген атам қазақ.

Астамшылықтан АЛЛА бізді сақтасын. Ысырап жасамайық ағайын. Еліміз аман,бейбіт күніміз баянды болғай.

Мен сені мәңгі сүйіп өтемін Қазақ елі!» — дейді Азамат Сатыбалды.

Азаматтың ашына жазған сөздері қазаққа жаны ашығандықтан туып отыр.