Тараз. 1 aқпан. 77news — Қазақстан кеңестік әскери техникаларын жаңғыртып, сыртқы нарықта сатуды жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заң жобасын таныстырған  Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов айтты.

Оның айтуынша, аталған заң жобасында пайдаланылмайтын әскери мүліктерді Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қарауына беру ұсынылып отыр. Бұған қоса, заң жобасында пайдаланылмайтын қару-жарақтар мен әскери техникаларды отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарында жөндеп, экспортқа шығару шартымен сату көзделген.

«Біз пайдаланылмайтын мүліктерді қарауына беру құқығын екі кезеңмен жүзеге асыру ұсынылады. Бірінші кезеңде «ҚР Қорғаныс және Қарулы күштері туралы» заңға өзгертеулер енгізу жолымен ең алдымен министрлікке пайдаланылмайтын әскери мүліктерге билік ету құзіретін бекіту ұсынылады. Екінші кезең Республикалық бюджеттік комиссия шарттарын мақұлдаған жағдайда республикалық бюджеттен қаржы қаражаты бөлінген жағдайда әскери бөлімдердің аумағын сақталып тұрған мүліктерден босату процедурасын қамтиды», — деді министр.

Бейбіт Атамқұловтың сөзіне қарағанда, Қазақстанда сонау кеңестік заманнан қалған ескі әскери техникалар әскери бөлімдердің қоймаларында тұр. Сондықтан аталған техникаларды жөндеп, жаңғыртып, экспортқа шығарып сату көзделуде. Ал сатылмай қалған әскери мүліктер жойылатын болады.

«Бұл шаралар елдің ішінде қару-жарақтың көлеңкелі айналымын болдырмау үшін ұсынылып отыр», — деді ол.