Фото: baq.kz

Тараз. 1 aқпан. 77news — Көлік полициясы Жамбыл облысы теміржолының Луговая станциясында қоғамдық тәртіп бұзған төрт ер адамды тұтқындады, — деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі көліктегі ІІД қызметіне сілтеме жасап.

 31 қаңтар күні таңғы сағат 05:30 шамасында теміржол вокзалында Луговая станциясының полицейлері қоғамдық тәртіпті бұзған төрт ер адамды тұтқындады. Көлік полицейлері жүргізген тексеріс барысында олардың Жамбыл облысының тұрғындары екендері анықталды. Тұтқындалғандар — 20-22 жас аралығындағы азаматтар.

«Полиция комнатасына әкеле жатқан кезде құқық бұзушылар полицейлердің заңды талаптарына бағынбай, ескертулерге мән бермей, қызметін орындаушыларға боғауыз сөздер айтқан. Ашулы жастар полицейлермен төбелеспек болып, қол жұмсаған», — деп хабарлайды көлік ІІД қызметіндегілер.

Медициналық талдаулар нәтижесінде олардың ішімдік ішіп, полицейлерге қарсылық білдірген кездерінде мас болғандары анықталды. Дәл қазір аталған іске қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.