Фото:Time.kz

Қай қоғамда болмасын қоғамдық көліктің қарапайым халық өмірінде алар орны ерекше. Алысты жақындатып, барар жеріңе қандай күн райы болмасын жеткізетін, аты айтып тұрғандай қоғам үшін қызмет ететін бұл көліктердің сапасының жоғары болуы, қауіпсіздіктің сақталуы ең басты мәселе.

Бізге, яғни бұқаралық ақпарат құралдарына көпшіліктің көңілінде жүрген сұрақтармен жиі келетін қала тұрғындары көп. Олардың айтуынша, кейбір бағыттағы жолаушы толы автобустарды бір жолға таластырмай екі бағытқа айырса, себебі олардың тұтынушыға таласы халық өміріне қауіпті көрінеді. Ал кей көшелерден тіпті қоғамдық көлік қатынамайды екен. Мәселен, 44 пен 11 «Қайқармет» базарының тұсынан бастап, Ы.Сүлейменов пен Ж.Баласағұн көшесінің қиылысына дейін бір бағытта қатынайды. Ал осы екеуінің бірін Ж.Аппасов көшесімен жүргізсе болмас па еді? Және бір мәселе Химпоселок ауданы тұрғындары автобекетке бір ғана автобуспен жетуге зар.  Сондай-ақ,  Пушкин көшесінің соңғы бөлігінде тұратын тұрғындар аялдамаға жету үшін біраз жер жүру керек екен. Жергілікті тұрғындардың ұсынысы бойынша, 17 мен 11 маршрутты бір бағытта таластырмай, 17-ші көлікті Пушкин көшесімен толық жүргізсе дейді.

Бұл — қаймана халықтың базнасы. Елдің мұңын,  мұқтажын айтып, жауапты мекемеге хат жазғанбыз. Біздің сауалдарымызға Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай коммуналдық-шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қадырбек Рахымбекұлы Деметбаев  жауап берген болатын. Сол сұхбатты қаз-қалпында назарларыңызға ұсынбақпыз.

— Салеметсіз бе? Тараз қаласындағы қоғамдық көліктердің дені ескі көрінеді. Қыстың көзі қырауда кейбір автобустардың іші азынап, жел үріп тұрады. Көліктерді жаңалауды қашан жоспарлап отырсыздар?

— Қалалық жолаушы көлігі бағыттарындағы ескірген автокөлік парктерін жаңалау мақсатында, қалалық тасымалдаушы мекемелерімен іс-шаралар жыл сайын тиісті дәрежеде жүргізілуде. «Жол картасы» Даму бағдарламасы  аясында соңғы үш-төрт жылдың көлемінде 400 бірліктен астам жаңа орташа және үлкен сыйымдылықты автобустар сатып алынды. Бұл сатып алынған автобустар қалалық №1, 3, 7, 11, 12, 15, 16, 17, 20, 23, 27, 29, 30, 32, 33, 36, 37, 41, 43, 46, 47, 55 бағыттарындағы ескірген, техникалық жағдайы нашар автобустарды ауыстырды. Алдағы уақытта бұл іс-шараның жүргізілуі жоспарға сәйкес өз жалғасын табатын болады. Бүгінгі күні қаламыздағы жолаушы көлігі паркінің орташа пайдаланымдық мерзімі 4 жылды құрайды.

Қоғамдық көліктердегі жүру кестелерін қалай бақылайсыздар? Кей кезде жүргізушілер соңғы рейстерін жүрмей жатады. Бұл мәселеден хабардарсыздар ма?

— Қалалық қоғамдық көліктердің қатынауы, жүру кестелерінің сақталуы күнделікті көлік және жолаушыларды тасымалдау секторы мамандары мен тасымалдаушы мекеме өкілдерінің қатысуымен бекітілген кесте бойынша қаламыздың әр аялдамаларында тұрып бақылануда. Сондай-ақ навигациялық бақылау жүйесі GPS арқылы «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС-гі мамандарымен бақыланады және олардың беріп отыратын мәліметтері бойынша, жүргізілген бақылаудың нәтижесі бойынша тиісті шаралар күнделікті қолдануда (online режимінде taraz-bus. kz сайтынан көре аласыз). Бақылау нәтижесі бойынша бағыттарда соңғы рейстерін жасамай қалатын автобус жүргізушілері де  кездеседі. Бірінші себептері анықталып (автобустың техникалық жағдайының дұрыстығы, т.с.с.), егер себепсіз соңғы рейстерін жасамаған жағдайда қатаң шара қолданылуда, жұмыстан шеттетіледі, қайталаса жұмыстан босатылады.

Химпоселок ауданынан автобекетке дейін маршрут қарастырылмаған. Халық автобекетке жету үшін екі автобусқа мінуге мәжбүр болады. Осының бір шешімі қарастырыла ма? Қашанға жоспарлап отырсыздар?

— Химпоселок ауданынан автобекетке баратын жаңа бағыттың қозғалыс сызбасы сызылып дайындалған, бүгінгі күнде қолданыстағы заңнама талаптарына сай қызмет көрсететін тасымалдаушыны анықтау үшін конкурсқа жіберілді. Алдағы уақытта қызмет көрсету үшін конкурсқа қатысушы тіркелген жағдайда, заңнама аясында шарт жасалатын болады.

Сонымен қатар, №17 қалалық автобустың бағытын Пушкин көшесінің соңына дейін жүретін етіп өзгертсе екен,- дейді халық. Бұл жөнінде не дейсіз? Шешімі болады ма?

— Тұрақты қалалық №17 автобус бағытының қозғалыс сызбасына өзгерту енгізуге мүмкіншілік жоқ, себебі бұл бағыт конкурстан бүгінгі күнгі қозғалыс сызбасымен өткізілген, сондықтан қызмет көрсететін тасымалдаушы мекеме басшылығы өзгертуге қарсы болып отыр. Сондай-ақ бағыттың қызметін бұрыннан пайдаланатын жолаушылардың, оның көпшілігі студенттердің наразылығын тудырады.

Гүлнар ДІЛДАХАНҚЫЗЫ