Тараз. 2 қаңтар. 77news — Жамбыл атындағы «Руханият» орталығында облысымызға белгілі әдебиетші ғалымдар Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Әулиеата өңірінің көп томдық әдеби антологиясын шығару жұмысы бойынша бас қосты, — деп хабарлайды 77news ақпарат агенттігі.

Екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласы мен Жамбыл облысының ертеден келе жатқан мол тарихи мұрасын, әдебиетін, аңыз-әңгімелерін жинақтап, көп томдық етіп шығару өңір басшысы мен зиялы қауым өкілдерінің кездесуі барысында айтылған ұсыныстардың бірі болатын. Осы үлкен бастаманы жолға қойып, жұмысын тыңғылықты жүргізіп, нақты тапсырмаларды орындап, биылғы жылы көп томдықтың 10 томын жинақтап жариялау үлкен меже болып отыр.

Аталған жобаның жүзеге асуына Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тікелей атсалысып жұмысшы топтың басын қосты. Көптеген мәселелер ортаға салынып, өңірдің өткені тереңінен зерделенді. Мұндай кездесулер алдағы уақытта тұрақты түрде өтіп, өңірдің әдебиетші, тарихшы ғалымдары Әулиеатаның мол әрі бай рухани мұрасын көп томдық еңбек етіп жарыққа шығармақ ниетті.