Фото: Ruwest.ru

Тараз. 2 ақпан. 77news — Жамбыл облысының жаңа басшысы аймақтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында жұмыс жасайтынын жалпақ жұртқа жария еткен болатын. Ол үшін алғыр қызметкерлерді жасақтап алуды назардан тыс қалдырмады. Сол мақсатта аймақта алғашқы маңызды кадрлық өзгерістерді енгізді.

Ләззат Смағұлова облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болып тағайындалды. Ол еңбек жолын 1992-1994 жылдары Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік мұрағатыннан бастаған. Кейін Алматыдағы «Заң орталығы» серіктестігінде заңгер, ҚазМУ-де, Салық полициясы академиясында оқытушы болған. ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінде, Ауыл шаруашылығы министрлігінде, Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы елшілігінде, «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік компаниясында түрлі қызметтер атқарған. 2011 жылы қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Ләззат Смағұлова облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болып тағайындалған. Ал 2016 жылы қыркүйек айынан бастап Қазақстан Премьер-министрі кеңесшісінің орынбасары қызметін атқарды. 

Облыс әкімінің баспасөз қызметіне республикалық «Түркістан» газеті бас редакторының орынбасары қызметін атқарған Біржан Сөктай тағайындалды. Жаңа баспасөз қызметінің басшысы Талас ауданы Ойық ауылының тумасы.  Ол бұрынырақта облыстық телеарнада, КТК арнасының Жамбыл облысындағы меншікті тілшілігінде, Ақмола обблыстық телеарнасында басшылық қызмет еткен.

Сондай-ақ Тараз қаласы әкімінің де орынбасары ауысты. Бұл жауапты орынға Жандос Өмірзақов жайғасты. Ол бұған дейін қалалық әкімнің аппарат басшылығында қызмет еткен.

Тараз қалалық әкімдікте тағы бір өзгеріс. Шу қаласының әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған Бауыржан Есейұлы бұдан кейін ұйымдастыру бөлімінің бастығы қызметін атқарады.

Өзгерістер «Тараз» футбол клубын да айналып өтпеді.Аталмыш клубтың президентігіне ҚР спорт шебері, 1994 жылғы Қазақстанның үздік футболшысы Қанат Мұстаев тағайындалды.