Фото: kazakhfilmstudios.kz

Тараз. 7 ақпан. 77news — Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ қарасты «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігі қысқаметражды көркем фильмдер сценарийлеріне конкурс жариялады, — деп хабарлайды ҚазАқпарат киностудияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Конкурстық жұмыстар бүгіннен бастап мамыр айының 7-сіне дейін қабылданады. Сценарийлерді еліміздің танымал кинематографистері іріктейді.

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ қарасты «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігі қысқаметражды сценарийлер конкурсына жұмыстарды төмендегі шарттар бойынша қабылдайды:

—  Конкурсқа тек Қазақстан Республикасы азаматтары қатыса алады;

—  Ұсынымдарды қабылдау мерзімі —  07.02.2018 мен 07.05.2018 аралығы;

—  Конкурсқа қысқаметражды көркем фильмдерге арналған сценарий немесе әдеби шығарма негізінде қазақ не орыс тілдерінде, 5-20 бет көлемінде жазылған сценарийлер (бір немесе бірнеше авторлар бірлесе жазған) қабылданады;

— Салалық білімі бар немесе киноға жақын сала бойынша білімі болғаны абзал.

Конкурсқа қатысушы өзі туралы қысқа ақпарат және оның осыған дейін жасаған жұмыстарын, (2 бетке дейін), аннотация (500 белгіге дейін), синопсис (3000-4000 беліге дейін) жолдауы керек.

Конкурстық жұмыстарды үш айдың көлемінде debut@kazakhfilmstudios.kz  электронды поштасы арқылы жіберуге болады.