Фото: Caravan.kz

Тараз. 7 ақпан. 77news — Сотта соңғы сөз алған актер Ерлан Біләл қатаң жаза тағайындамауды сұрады. Ол отбасының жалғыз асыраушысы екенін және өзінің денсаулығының нашарлағанын айтты, -деп хабарлайды 77news АА 365info.kz сайтына сілтеме жасап.

Сот үкімі бүгін жарияланатын болады. Бұған дейін кудікті Біләлге 90 млн теңге айыппұл төлеу және марапаттарынан айыру туралы шешім шығаруды талап еткен болатын. 

Алайда Ерлан Біләлдің өзі оны марапатынан айырмауды сұрап отыр. Тіпті, көзіне жас алып, халықтан, әріптестерінен және туыстарынан кешірім сұрады.  Қатесін түсінетінін және кінәсін толықтай мойындайтынын да мәлімдеді.

“Жаза ретінде айыппұлды көтеруге әзірмін, алайда еңбекпен келген марапаттарымнан айырмасаңыздар екен. Бұл менің әрі қарай да шығармашылықпен айналысуыма демеу болар еді. Шығармашылық адамға бұдан ауыры жоқ”, – деді Біләл.

Сондай-ақ Ерлан Біләл соттан отбасылық және қаржылық жағдайына байланысты айыппұл көлемін де азайтуды сұраған.

“Айыппұл көлемін азайтуды қарастырсаңыз екен. Қателестім, қатты өкінемін. Менің қазіргі жағдайыма түсіністікпен қарауды сұраймын. Бәріміз пендеміз. Қателесу қанымызда бар. Қолдауларыңыз ғана қажет, елімнің дамуы жолында әрі қарай да тер төгуге әзірмін”, – деді ол.

Айта кетейік, күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.