Фото:sabaqtar.kz

Тараз. 77news — Поэзияға ерекше екпін әкелген ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың бүгін туған күні. Қазақтың мұзбалақ, лирик ақыны осыдан 87 жыл бұрын 9 ақпанда дүниеге келген,- деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агентігі.

Ақынның туған күні жөнінде екі түрлі ақпарат бар. Алайда, құжаттар бойынша ақынның туған күні ақпанның 9 жұлдызында тойланады. Екінші ақпарат: ақынның анасы Нағиман апа былай деген: «Мұқағалиым 1931 жылы наурыз айының 8-інде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз.» Ал, Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Оразақын Асқар ақынның екінші ту­ған күніне байланысты мынадай сөз айта­ды: «Құжат бойынша Мұқағали 9 ақпан­да дүниеге келген. Бұл куәлікті ақын ес білген кезде сол кездегі сайлау науқанына байланысты өзі жаздырып алған екен».

Мұқағали — поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары. Осының бәрін Мұқағали жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, тәңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отырған. Ол өз шығармалары арқылы қазақ поэзиясын жаңа биіктерге көтеріп, мазмұнын байытты. Мұқағали поэзиясы тек өнер үшін туындаған өнер деңгейіндегі ғана құбылыс емес. Оның өлмес өнері, қанатты поэзиясы қазақ халқының сезімін байытып, кісілігін биіктетіп, парасатын кемелдендіре түсті.

Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа білмейтін қазақ кемде кем шығар. Сондықтан болар бүгін де ақынның өлеңдері мен шығармаларының, ой-толғауларының жаңа кітап болып басылып жатқаны. Жастана жатып оқитын ұрпағы барда мұзбалақ ақынның өміршең өлеңдері еш уақытта қадірін жоймайды.