Тараз. 77news — 2022 жылы барлық елді мекендер кең жолақты Интернетпен қамтылады. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.

«Үкімет Сіздің бастамаңызбен бастау алған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыстарды атқаруда. 2022 жылға қарай еліміздің барлық елді мекендері кең жолақты Интернетке қол жеткізіп, қажетті байланыспен қамтамасыз етіледі», — деді Үкімет басшысы.

Осы орайда Бақытжан Сағынтаев цифрлық экономика мен халықтың цифрлық сауаттылығы үшін кадрларды даярлау жөніндегі жоспар қабылданғанын атап өтті. Бастапқы 500 өнеркәсіптік кәсіпорында 4.0 Индустриясы элементтерін енгізу мен базалық салаларда технологиялық қайта жарақтау бойынша шаралар әзірленді. Электрондық коммерцияны дамытуда, сондай-ақ жалпы ІТ-саланы жетілдіру тұрғысында заңнамалық нормалар әзірленді.

«Ақылды» қалаларды дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Жыл соңына дейін әр өңірде қанатқақты жобалар жүзеге асырылады», — деді Премьер- Министр.

Біздің жаңалықтарымызды Telegram парақшамыздан оқи аласыздар! Жазылыңыздар!