Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы жылдың 12 сәуірінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын ұсынып. Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру қажеттігін баса айтқан болатын. Бүгінгі күнге дейін тіл саласының білікті мамандары латын қарпіне негізделген жобаларын ұсынды. Алайда, латын әліпбиі әлі мақұлданбады. 12 жастағы студент Абзал Мырзаш өз латын әріптерінің үлгісін жасап, елбасына ұсынып отыр. Алғыр баланың латын әліпбиін әлеуметтік желіден көре сала, әкесіне хабарласып сұхбат алдық.

— Балаңыздың ерекше қабілетін қай жасында байқадыңыз? Өзге балалардан Абзалдың қандай ерекшелігі бар? Мектеп жасындағы баланың ойлау қабілеті қандай? Туа бітті дарын ба, әлде ата-ана тәрбиесінің мықтылығы балаңызды вундеркинд балалардың қатарына қосып отыр ма?

— Абзалдың бойында туа бітті дарын бар. Оны 2 жасында байқадық. Ерте тілі шығып, кітапқа қызығушылығы артты. Туыстарымыздың ұл-қыздары үйге қонаққа келгенде түрлі логикалық сұрақтар қойып жарыстыратынбыз. Абзал өз зеректігін көрсетіп бірден жауап беретін. Қазірдің өзінде мектеп жасындағы бала болғанымен әдеби кітаптарды оқуға  құмар. Ғылыми кітаптарды  тереңіне үңіліп оқиды. Сондықтан оған, кез-келген ақпаратты қабылдау  қиындық тудырмайды.

Үлкен өмір түрлі бәсекелерге толы. Аяқтан шалушылар да көп. Абзал 12 жасында жоғарғы оқу орнына аяқ басты. Үлкен өмірге ерте араласып келеді. Әділетсіз қоғам қабілетті балаңыздың талантын бағалай алмаса, жасөспірім Абзалдың ерте тауы шағылады ма деп қорықпайсыз ба?

— Абзал үлкен өмірге ерте аяқ басты. Яғни, университеттің студенті. Әрине, қоғам әрқашан әділетсіз болып көрінуі мүмкін. Адамзат тарихында бәсекелестік болғаны ақиқат. Аяқтан шалушылар көп болады дегеніңіз рас. Өмір болған соң бәсекеден тұрады. Өмірдің қандай да қиындықтары болмасын қарсы тұрған жөн. Міне, сондықтан бәсекелестікке бала жан-жақты дайын болуы керек. Біз одан қорықпаймыз. Абзалды бала күнінен өмір қиындықтардан тұрады деген қағидамен тәрбиелеп келеміз. Спорттың барлық түріне қатыстырдық. Тартысты бәсекелерде де Абзал өзінің қабілетін, жетістіктерін көрсетті. Ұлымыздың дұрыс тамақтануы, ұйқы режимін қатаң қадағалаймыз. Біздің Абзал қазір жоғарғы оқу орнында түрлі жетістіктерге қол жеткізді. Айтар болсақ, Елбасының латын әліпбиіне көшу бағытын ұстана отырып, өз нұсқасын жасады. Біз әлеуметтік желіге салып, жұртышылықтың пікірін білмек болдық. Оқырмандар оң бағасын беріп, Абзалдың нұсқасын қолдап отыр. 

— Ұлыңыз болашағын шет елмен байланыстырса қалай қарайсыз?

— Балам қазір университетте ағылшын тілінде оқып жүр. 2-3 жылда жеделдетілген түрде оқып  бітірсем деп отыр. Университетті бітіргенннен кейін АҚШ-та білімін  жалғастырмақшы.  Ал,  алған білімін Қазақстанның өсіп өркендеуіне  үлес қоссам дейді. Шетелде жүріп, олардың өмір сүру салтын көріп, қазақ қоғамына жетіспейтін тұстарын әкеліп, біздің санамызда, дәстүрге сай жаңғыртпақ.

 — Абзал болашақта қазақ қоғамына қандай тың IT бағдарламалар ұсынбақшы? Қазаққа тән әлеуметтік желі, парақшалар керек деп ойламайсыздар ма?

— Әрине, қазаққа тән  әлеуметтік желілер де, парақшалар да міндетті түрде керек деп ойлаймын. Өйткені, ол еліміздің бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді. Әрине ақпараттық технология әлеуметтік желімен шектелмейді. Ол бір орында тұра бермейді. Тың дүниелердің барлы уақыт еншісінде. Баламыз ананы-мынаны жоспарладым дегенді ұнатпайды. Бәсеке заманында жаңа ойды тістен шығармаған дұрыс.

 — Абзал жас та болса бас болып, жаңа латын әліпбиін ойлап тауыпты. Қарапайым халық үшін ол қаншалықты тиімді. Балаңыз құрастырған Латын қарпі мемлекет ұсынған әліпбиден айырмашылығы қандай? Ұтымды тұсы қандай?

-Жалпы латын әліпби кез-келген адамға негізі қолайлы әрі тиімді. Бұл латын әріптерінің пернетақтада оңай терілуіне байланысты. Дүниежүзінде латын қарпін пайдаланатын ел көп. Сондықтан  Қазақстан әлемнің бір бөлігі ретінде латын әліпбиіне көшкені дұрыс деп ойлаймын. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында Қазақстандағы ақпараттық технологияны меңгеру мәселесі баса айтылған болатын. Соған сай Абзалдың да жасаған нұсқасы сол  «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ойды жалғау мақсатында жасалған жоба еді. Мемлекет ұсынған алфавит біреу емес екеу. Сондай-ақ Қазақстанды жаһандандыру процесін игеру үшін Қазақ тілін латын графикасына көшіру де маңызды шара екенін аталмыш мақалада айтылған болатын. Елбасы: «Латын графикасына көшкен кезде стандартты әріптер қолданылуы керек,» —  деп айтқан еді. Осы сөздер мен елбасы тапсырмасы Абзалдың латын әліпбиін өз нұсқасында құрастыруына себеп болды. Ал айырмашылығы сурет өздеріңіз байқайсыздар.

— Абзалдың ойлап тапқан тың дүниесінің тағы бірі, ол — кирилица қаріпіндегі үлкен әдеби шығармаларды еш қиындықсыз латын әрпіне аударатын компьютерлік бағдарламсы. Абзал өз сөзінде бұл бағдарлама арқылы  «Абай жолы» романын 4-5 сағатта аударыға болады депті. 4-5 сағатта оқып бітудің өзі мүмкін емес. Сіздің жобаңыздың жұмыс барысы қалай жүргізіледі. Қазақ қарпіндегі кітап толықтай электронды нұсқаға аударылып, сосын латын қарпінде шығады ма? Толықтырып түсіндірсеңіз…

— Әрине, 4-5 сағатта оқып отырмайды. Дайын мәтінді Абзал өзі жасаған бағдарламасына бірден жүктеп, 4-5 минутта, мүмкін 4-5 секундта латын қарпіне аударып беруі мүмкін. Егер мемлекет  ұлымыздың латын әліпбиін мақұлдаса, Абзалдың дайындаған бағдарламасы тиімді, мектеп оқулықтарын, әдеби шығармаларды жылдам аударылуына өз септігін тигізбек.

-Сұхбаттарыңызға рахмет, еселі еңбектеріңіз көп болсын!

Аят АСҚАРБЕКҰЛЫ