Тараз. 77news — Меркіліктер өткен  жылы тындырылған тірліктерді түйіндеді. Аудан әкімі қорынтынды есептік жиынын өткізді. Ел алдында, еңсесін түзеген аудан басшысы жеткен жетістіктерді жіпке тізді, — деп хабарлайды 77news.kz тілшісі.

Халық алдында айтарын «асықпай, аптықпай» жазып, баяндамасын қолтықтай келген аудан әкімінің сөзіне сенсек, Меркіде атқарылмаған тірлік, игерілмей қалған қаржы қалмапты. Кәсіптің көкжиегін кеңейтіп, шаруасын шалқытқандар көп дейді. Алайда, кездесуге келген көптің көкейде жүрген мәселесі көп болып шықты. Халық ауыз су мен көгілдір отыннан тарықтық дейді. Тақтайдай тас жолымыз тас талқан боп тарыдай шашылды деген жұрт әкімнен көмек сұрады.

Өз кезегінде әкім Мейірхан Өмірбеков тұрғындарға толғандырған тірліктер назарда болатынын жеткізді. «Сіздер көтерген барлық сұрақтарды біз жинақтадық. Тиісті бөлімдер де менің орынбасарларым қарап жатыр. Ол мәселелер бойынша біз сіздердің ауылдық округ әкімдеріне айтып, нақты шешім қабылдайтын боламыз,»-деді Меркі ауданының әкімі. Сондай-ақ әкім тас жол тауқыметін тартқандарға жөндейміз деп уәде берді.

Ал, ілкімді істердің атқарылғанын көріп, облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке жергілікті биліктің жұмысына оң бағасын беріп, алда атқарылар үлкен міндеттерді межеледі. Әр салаға басымдық беру керектігін сөз етті. Әсіресе, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға баса көңіл бөлінгені абзал дейді. Жастарды, мүгедектерді жұмыспен қамтып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде балабақшаларды көбейту керектігін тілге тиек етті.