Мәселе көп, шешім жоқ

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен барып, бұқараның базынасын тыңдап, түйткілді мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп қайтты.

0
23

Тараз. 77news — Жамбыл облыс әкімі Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен Жамбыл ауданына ат басын тіреді, — деп хабарлайды 77news.kz тілшісі облыстық баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс басшысы Жамбыл ауданының жай-күйімен танысуды Қызылқайнар ауылдық округіне қарасты Қызылқайнар елді мекеніне қауіп төндіріп отырған Талас өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарымен танысудан бастады. Өткен жылы аудандық бюджеттен осы мәселені шешуге 39 миллионнан астам қаржыға қарастырылған. Ал биыл өзеннің оң және сол жақ беттерінің 9353 метр қашықтығына жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат бөлу мәселесі туындап отыр.

Келесі сәтте өңір басшысы «Алтын белгі» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінде болып, 22 шаруа қожалығының басын біріктірген кәсіпорынның тыныс-тіршілігін көзбен көрді. Бүгінде өндірістік бірлестіктің иелігінде 275 бас ірі қара мал бар. Кооператив мұшелері бірлестік құрылғаннан бері 100 тонна сүт өндірген.

Сонымен қатар А.Мырзахметов Айша бибі ауылындағы «Super Pharm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бір реттік қолданылатын медицина бұйымдарын шығаратын зауытының да жұмыс барысымен танысты. Жеті жыл бұрын ашылған зауыт былтырғы жылы 1 миллиард 200 миллион теңгенің өнімін өндірген.  Өңір басшысы нысан жұмысына оң бағасын беріп, аудан әкімі мен салалық басқарма басшыларына өнім өндіру көлемінің артуына байланысты зауыт аумағынан шағын қосалқы станция салу мәселесін реттеуге тапсырма берді.

Облыс әкіміне таныстырылған келесі нысан — мемлекеттік «Айша бибі» шипажайы. Өткен жылдың қыркүйегінде іске қосылған емдеу-сауықтыру кешені бір мезгілде 120 емделушіге қызмет көрсетеді. Өңір басшысы жауапты тұлғалардың назарын шипажайды облыс тұрғындарының денсаулығын нығайтуда оңтайлы пайдалану жайына аударды.

Сонымен қатар, облыс әкімінің ауданға жұмыс сапарында Бектөбе ауылындағы «Оңтүстік Халал тағамдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі жұмыстың барысы да таныстырылды. Мұнан соң, өңір басшысы аудан орталығындағы Бауыржан Момышұлы орта мектебіне ат басын бұрып, білім беру ошағының бүгінгі жай-күйін көзбен көрді. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС-нің Тараз филиалында да болды.

А.Мырзахметов өңірге жасаған сапарының қорытындысы бойынша аудан активтерімен жиын өткізді. Әуелі өңір басшысы қант қызылшасының зауытқа өткеруде туындаған түйткілге қатысты салалық басқарма басшылары мен жауапты тұлғаларды сұрақтың астына алды. Мұнан бөлек, аудандағы денсаулық сақтау саласында да кадр мәселесін жеделдетіп шешуді тапсырды. Сонымен бірге, кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласының да жай-күйі сын көтермейтіндігін айтты. Қортынды жиында Асқар Мырзахметов өңір әлеуетін арттыруда экономикаға ден қою қажеттігін тілге тиек етіп, сөзін түйіндеді.