Тараз. 77news — Өткен жылы халық тұтынатын тауарларды сатып алу барысында техникалық регламентке сәйкес келмейтін 479 сынамалар анықталған. Бұл туралы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің тағам өнімдері, балалар тауарларының ассортименті және халық тұтынатын өзге де тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өткен брифингте айтылды, — деп хабарлайды 77news.kz.

2017 жылы барлығы 252 сауда және қоғамдық тамақтандыру объектілерінде 3,5 млн теңгенің өнімі сатып алынған. Азық-түлік өнімдерінен барлығы 3072 сынама алынып, оның 322-і  техникалық талаптарға сәйкес келмеген. Салыстырмалы талдау көрсеткендей, аймақтың ішкі нарығында айналымда жүрген барлық сәйкес емес өнімдердің ішінде ең жоғарысы импортқа тиесілі, яғни 72 пайызды құрайды. Ал импорттаушы елдер тізімінде Қырғызстан бірінші орында тұр. Қырғыз өнімдерінен іріктелген 144 сынаманың 84 –і үлгіге сәйкес келмейді.  Бұл 58,3 пайызға өскен.

Жалпы былтыр 50 әкімшілік іс қозғалған. Нәтижесінде 3 млн.600 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Кәсіпкерлерге кемшіліктерді жою бойынша 108 нұсқама берілген. Бірақ кәсіпкерлердің басым көпшілігі кемшіліктерді жойған көрінеді. Сот жеті нысанға жұмысын тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған.

Біздің жаңалықтарымызды Telegram парақшамыздан оқи аласыздар! Жазылыңыздар!