Фото: Goulp.ru

Тараз. 77news — Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова Қазақстандағы мүмкіндігі шектелуі жандардың  өзекті мәселелерін көтеріп, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады, — деп хабарлайды 77news.kz.

«Халықтың аз қамтылған бөлігі, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар адамдарға қатысты өмірдің өзі бірқатар мәселелердің барын көрсетіп беріп отыр. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін сапалы білімге қол жеткізу өте қиын. Тіпті кейбір жерде мүлде жоқ.  Қазіргі уақытта білімге деген ерекше қажеттілігі бар балалардың саны 147 мыңға жетіп отыр. Олардың ішінде есту мен көру қабілеті нашар балалардың саны 13 мыңға жуық. Жүргізілген зерттеу жұмыстары көрсетіп отырғандай, құлағында мүкістігі бар балалардың 70 пайызының ата-аналары сау. Сондықтан, келешекте ондай қатардағы жеткіншектердің саны қанша болатынын болжап білу мүмкін емес», — дейді сенатор.

Әйтімованың айтуынша, ерекше қажеттілігі бар адамдарды сапалы біліммен қамтамасыз ету жолында жасалып жатқан шаруалар жеткіліксіз деп айтуға болады.

«Сонымен бірге, көру қабілеті нашар балалардың да жағдайы мәз емес. Мұндай балалардың маңдайы тірелетін мәселелердің бәрін тізіп шықпай-ақ қояйын. Бірақ, бірқатарын айтып өтсем: бұл — есту мен көру қабілеті нашар балаларға арналған әдеби кітаптардың аздығы. Осындай балалардың өзара қарым-қатынас жасауына жол ашып беретін мамандандырылған клубтардың болмауы. Сурдоаудармашылар мен ол кадрлардың қажеттілігін біліп отыратын талдау жұмысының жоқтығы», — дейді ол.

Сенатордың сөзіне құлақ ассақ, есту патологиясы бар балалар үшін қымбат хирургиялық отаны жасауға қол жеткізілгенімен, оңалту орталықтары жоқ. Сондықтан, ота сәтті жасалса да, оңалту болмағаннан кейін бала қайтадан бастапқы күйге түсуі мүмкін.

«Мемлекеттік тілде арнайы әдебиеттерді оқытатын оқу бағдарламасы, қазақ тіліндегі Дактиль әліпбиінің бекітілген нұсқасы жоқ. Осы мәселелерді шешу үшін біздің ойымызша, бірқатар шараларды қолға алу керек. Солардың бірнешеуін атап өтейін. Ым тілінің қазақ тіліндегі Дактиль әліпбиін бекітуді, мүмкіндігі шектеулі балаларға қарапайым балабақша мен мектептерге барып тұру мүмкіндігіне жол ашуды, есту қабілеті нашар балаларды білім деңгейін алуға мүмкіндік беруді, ЖОО-ларда ым тілін меңгерудің тәжірибелік пәнін енгізуді ұсынамыз. Сонымен бірге, есту қабілеті нашар адамдар меңгере алатын мамандықтардың тізімін бекітудің маңызы зор», — деп түйді сенатор.