Жамбылдық тұрғын заңсыз тауар тасыған

0
73

Тараз. 77news — Жамбыл облысы Пригородное елдімекенінің 43 жасар тұрғыны 20 тонна көлемінде этил спиртін заңсыз, рұқсат қағазынсыз алып өтпек болған жерінен ұсталған, — деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агентігі аймақтық ішкі істер бөлімі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ІІД-нің бейсенбі күнгі хабарламасында, «12 ақпан 10:00 Шу қаласы «Жеңіс» паркі маңындағы Мерке-Шу-Бурылбайтал айналма жолында спирттік, алкоголь мен темекі өнімдерін заңсыз  тасымалдаудың алдын алу және жедел іздестіру шаралары кезінде Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлері 43 жастағы жергілікті тұрғын басқарған Vоlvo-FH12 жүк көлігін тоқтатқан,» — делінген.

Жүргізушінің жүк тасымалдауға арналған жол парағында 16 тонна салмақтағы құрғақ құрылыс тауары болуға тиіс. Жүк түсіру орны — Петропавл қаласы, алайда қабылдаушы заңды мекеме немесе жеке тұлға көрсетілмеген екен. Тексеру барысында әрқайсы 1000 литр болатын 20 пластикалық ыдыстағы мөлдір сұйықтық табылыпты.

Бұл құқық бұзушылық Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214 бабы (заңсыз кәсіпкерлік, заңсыз банктік қызмет немесе жинау қызметі) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру үшін Шу аудандық ішкі істер бөлімінде тіркелді.

Қазіргі уақытта Жамбыл облысындағы Мемлекеттік кіріс департаментіне материалдарды беру мәселесі шешілуде.

Біздің жаңалықтарымызды Telegram парақшамыздан оқи аласыздар! Жазылыңыздар!