Фото: inform.kz

Тараз. 77news — Паралимпиадалық пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазақстандық «Түймеқыз» есімімен танымал Тұрсынай Қабыл Дубайда өткен Әлем кубогы ойындарынан жүлделі оралды, деп хабарлайды 77news.kz ҚазАқпарат ХАА-не сілтеме жасап.

Қостанайлық спортшы әйелдер арасында 41 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, «қола» жүлдеге ие болды. Дегенмен, спортшы бас жүлдеден үмітті болғанын жасырмады.

«Әлем кубогы — жауапты сын. Ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткіземін деп ойладым. Бірақ, үздік үштікке кірудің өзі жетістік. Мені қолдаған жерлестеріме, бапкерлеріме алғысым шексіз. Енді «Miss Virtual Kazakhstan-2018» байқауына тыңғылықты дайындалмақпын», — деді Тұрсынай Қабыл.

Айта кетейік, жақында «Miss Virtual Kazakhstan-2018» байқауының финалдық кезеңіне шыққан қатысушылар белгілі болды. 3000 арудың ішінен іріктелгендердің арасында Тұрсынай да бар.

«Өмірдің өзі сыннан тұрады ғой. Мен қиындықтардан қорықпайымен. «Miss Virtual Kazakhstan-2018» байқауына қатыспас бұрын көп ойландым. Расында, мен кімнен кеммін? Өзімді қоғамның бір бөлшегі ретінде көрсеткім келді. Ендігі арманым — өмір туралы кітап жазу және мүгедектерге арнап спорт залын ашу. Болашақта спорт жаттықтырушысы болғым келеді», — дейді қазақстандық «Түймеқыз».

Біздің жаңалықтарымызды Telegram парақшамыздан оқи аласыздар! Жазылыңыздар!