Тараз. 77news — Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиінің жаңа редакциясы туралы жарлыққа қол қойды. Осы орайда Қазақстанға танымал қайраткерлер латын графикасына өтудің тиімділігін айтып, өз ойларын ортаға салды,- деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агентігі.

Фото:abai-inst.kz

Ғарифолла Есім, ғалым

«Кез келген істе бейімделу процесі болады. Мәселен, мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде бүгіннен бастап тегімді, әкемнің атын, өз атымды, жақын адамдарымның атын латын графикасында жаза бастаймын. Өйткені, бейімделу деген дәл осылай басталады. Сіздерге де соған кеңес беремін. Кез келген ұйым, кез келген адам бейімделе бастауы қажет. Ал құжаттамаларды да біртіндеп бейімдеген жөн. Бұл әріптердің барлығы баршамызға белгілі. Мен өзім неміс, ағылшын тілдерін оқығанмын. Әліпбидегі белгілердің барлығы маған, ал жастарға тіпті таныс. Жастар сіздер бір-бірлеріңізге латын әліпбиінде жазасыздар ғой, солай емес пе? Солай. Ендеше латын әліпбиінде жазу сіздерге қиындық тудырмайды. Бейімделу қажет, безінудің қажеті жоқ, дағдылану керек. Егер ынтызарлықты қоссаңыздар бәрі де болады. Ал егер ынтызарлықты қоспасаңыздар кешігіп қаласыздар. Сондықтан бүгіннен бастап бұл іске кірісіңіздер.

Фото:BNews.kz

Оразкүл Асанғазы, қоғам қайраткері

Қазақстан халқының барлығы латын әліпбиіне өтуді қолдады. Екіншіден, көптеген азаматтан латын әліпбиіне қатысты көп нұсқа келіп түсті. Оның өзі үлкен қолдау болды. Қазақ тіліне негізделген латын әліпбиін жасау үшін Елбасының Жарлығымен Премьер-министр бастаған 4 комиссия тұрақты жұмыс істеп жатыр. Бүгін Елбасының Жарлығымен тәуелсіз Қазақстанның өзінің төл әліпбиі бекіді. Ендігі мақсатымыз — латын әліпбиін қолданып үйрену

Фото: alashainasy.kz

 

Мырзатай Жолдасбеков, жазушы

Латын әліпбиіне көшудің уақыты келді. Алдымен латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі бірден Парламенттің төрінде талқыланды. Бірақ бұрынғы әліпбидің көптеген кемшілігі болды. Кейін мамандар әліпбиді қайтадан қарады. Менің пікірімше, бұл әліпбимен қазақ тілінің мамандары айналысуы керек. Мұны саясатқа айналдырмау қажет    «Нәтижесінде өткен жылдың қазанында бұл әліпби бекітілді. Дегенмен оның кемшіліктері болды. Ноқаттар көбейіп кетті. Тіпті кейде бір сөздің өзінде 7 ноқат пайда болды. Бұл мәселе қайтадан қоғамда талқыланды. Мамандар аталған мәселеге араласып, кеше ғана қосымша Елбасының Жарлығы шықты. Латын графикасына негізделген қазақ тілінің әліпбиі пайда болды. Оны көріп барлығы сабасына түсіп, өздеріне келген сияқты.

Біздің жаңалықтарымызды Telegram парақшамыздан оқи аласыздар! Жазылыңыздар!