Тараз. 77news — Таразда Азияның VI агрохимиялық форумы басталды. Бұл отандық агрохимиялық сектордың көшбасшылары — «Казфосфат», Еурохим және ҚазАзот серіктестіктерінің мұрындық болуымен ұйымдастырлып отырған ең ірі жоба, деп хабарлайды 77news ақпарат агенттігі.

Алтыншы агрохимилық форум облыс орталығында осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Өйткені, дәл осы біздің өңірде еліміздегі ең ірі химия өнеркәсібінің кәсіпорындары орналасқан. Бүгінгі іс-шараға әлемге әйгілі Ресей, Белоруссия, Украина және Орталық Азия елдерінің агрохимия саласындағы көшбасшы компанияларының басшылары қатысып отыр. Ал еліміздегі іргелі кәсіпорын «Қазфосфат» серіктестігінің басшысы Мұқаш Ескендіров «агрохимия саласын дамыту үшін барлық жағдайлар жасалып жатыр» дейді.

Бүгінде химиялық тыңайтқыштарды пайдалану үлесі төмен. Мәселен, елімізде 1га  жерге тек 2-3 келі минералды тыңайтқыш пайдаланылады.  Ал іргеміздегі алпауыт мемлекет Ресейде 1га 40-50 келі себеді екен. Енді, мамандар, алдағы уақытта себілетін минералды тыңайтқыш көлемін 45 келіге жеткіземіз дейді. Сондай-ақ, форумға қатысушылар жер телімі тиімді игерілмесе, мемлекет оны қайтарып алатынын ескертті.

«Қазір Қазақстанда калий секілді минералды тыңайтқыштар өндірілмейді» дейді мамандар. Сондықтан,  бұл  шикізатты шет  елдерден алдыртады екен. Ал Азияның VI агрохимиялық форумы аясында көршілес Беларусь елінен келген әріптестері өзара ынтымақтастық орнату үшін бірқатар келісімдерге келмек ниетте. Сонымен қатар, агрохимиялық сектордың мәселелерін шешу үшін тәжірибе алмаспақ.

Жамбыл облысы отандық химия өнеркәсібінің көшбасшысы десек қателеспейтін сияқтымыз. Міне, дәл бүгінгі іс-шара осыны тағы да бір дәлелдеді. Өйткені форум барысында ауыл шаруашылығы мамандары тәжірибе алмасып қана қоймай, өзекті деген мәселелердің шешімін таба алды.