Фото: taraz.atameken.kz

Тараз. 77news — Ана бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербейді дейді атам қазақ. Ананың аялы алқаны тиген жердің бәріне жан бітетіні тағы бар. Отбасының жарқын болашағы үшін нәзік жандылар еш қиындықтан қашпайды. Кедергіде мойымайды. Біз бұны қызығы мен шыжығы қатар жүретін кәсіпкерлікті таңдаған бизнесвумен ханымдарымыздан байқап жатамыз.

Жамбыл облысында кәсіп бастап, барша қазақстандықтардың игіліне жұмыс істеп жатқан әулиеаталық қыз-келіншектерді халықаралық әйелдер күнімен құттықтай отырып, халық назарына бизнестегі өмір жолын таныстырғанды жөн көріп отырмыз. Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын деген.

Фото: Strategy2050.kz

Қоңқашева Гүлмира Қадірқызы  — «Та-Мак» ЖШС-гі директоры. Қазақстанда жасалған және тұтынушылардың үлкен сұра­нысына ие болған макарон өнім­дерінің бірі — «Арзу» жаймалары осы Гүлмира Қадірқызының қолынан шыққан өнім. Тараздық кәсіпкер шығаратын жаймалар аз уақытта нарықтағы бәсекелестерін ығыстырып, таңдаулы өнімге айналып үлгерді. Аталмыш кә­сіп­орын өндіретін өнімдері «Қазақстанның үздік тауары» атанған.

Гүлмира Қоңқашева басқаратын серіктестік 2004 жылы макарон өнімдерін шығаратын цех ашып, сапасы импорттық өнімдерден кем түспейтін жайма әзірлеу тәсілін екі жылдың ішінде меңгеріп, кәсіпорынды іске қосады. Үшінші жылы Таразда шығарылатын жаймалар Орталық, Батыс және Шығыс Қазақстан облыстарына кең тарала бастайды. 2008 жылы макарон өнімдерінің басқа да түрлерін шығаруды қолға алады. Сол жылдың өзінде облыс көлемінде «Үздік азық-түлік өндірісі», республикалық «Алтын сапа» конкурсының лауреаты, «Та-Мак» ЖШС 2009 жылы «Халық таңдауы», 2010 жылы «Алтын көшбасшы» аталымдары бойынша жеңіске жеткен.
«Арзу» маркалы макарон өнімдері Голландия, Фран­ция және АҚШ-тың «Mueller Aussenhandel e.K.», «Monolith Süd GmbH» делдал компаниялары арқылы Германия, Ресей, Қырғыз мемлекеттері мен Өзбекстан нарығына шығарылуда. Бүгінде кәсіпорын тұтынушыларына «Ертөстік» деген тауар таң­басымен жаңа бренд ұсынуда. Мұндай қадам макарон өнімдерін шығаратын өндіріс орындары арасындағы бәсекелестікке тың серпін беретінін айтады серіктестік басшысы. «Екінші жағынан жаңа жоспарлардың тууына жол ашады. Сапа — мен үшін ең бас­ты мәселе,» — дейді Гүлмира Қадыр­қызы. Гүлмира Қадырқызы қайырымдылық жасауда алдына жан салмайды. Иә, бір қарағанда қаталдау, онша-мұншаға ықылас таныта бермейтін дәті берік жан болып көрінгенімен, көп әріптестеріне қарағанда қолы ашық. Мереке кездерінде өз өнімінен толтырып көлікке тиеп алады да, балалар мен қарттар үйіне жол тартады. Бұл әдеттен жаңылмай келе жатқанына, міне бірнеше жыл болды.
Фото: Turaninfo.kz

Нұрымова Гүлдара Алданышқызы — «Мейірім» медициналық орталығының директоры. Тараз қаласындағы жоғары санатты аурухананы басқарып отырған нәзік жан егесі «Қызмет көрсету саласының ең үздік кәсіпкері -2003», «2004-2005 жылдары ең үздік әйел кәсіпкер» облыстық байқауларының жеңімпазы. Сондай-ақ, «Қанатты әйел» Ұлттық әйел ойы мен өнімі жәрмеңкесінде ҚР кәсіподақ федерациясы алғыс хатын алған.  Гүлдара Алданышқызы Нұрымова 1999 жылдан бері «МЕЙРІМ» медициналық орталығын  басқарып келеді. Медициналық орталықтың қалыптасуы — ұзақ жолды қажет етті, тәжірибе мен жетістікке толы үлкен кезеңді қамтыды. Біз жоқтан бар жасадық, — дейді Гұлдара Алданышқызы. Алғашында 30 мың адамға қызмет ететін отбасылық дәрігерлік емхана болан. Содан кейін стационарлық бөлім ашу қажет болды. Бүгінде бұл орталық — Жамбыл облысындағы жетекші жеке медициналық мекеме. Орталықта білікті терпевт, кардиолог, хирург және акушер-гинеколог мамандар жұмыс істейді.

Фото: Twitter.com

Қайназарова Әмина Рысбекқызы —  23 қыркүйек 1978 жылы тылған. Экономика мамандығында білім алған. «НұрОтан» партиясының мүшесі, «Goodmaker» ЖШС директоры. Жарнамалық-өндірістік компания Goodmaker облыс көлеміндегі кез-келген іс-шара өткізу кезінде көрермендер мен қатысушыларға көрнекі ақпарат берудің түрлі-түсті және динамикалық хабарлауды ұйымдастырады. Озық технологиялармен жұмыс істейтін жарнамалық компания өнімдері бүгінде Тараз қаласының барлық жерінде, әр түрлі мақсатта орналастарылған. 

— Мен 16 жыл бұрын М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың «қаржы және несие» мамандығын тәмамдадым. Алғашқы он жылда өз мамандығым бойынша банкте қызмет еттім. Сол жылдары «өз ісімді бастасам қалай болады» деген ой үстінде жүрдім. Кейін өз кәсібімді алақандай бір бөлмеде, бір ғана компьютермен бастадым. Әрине қиын болды. Бірақ әлденені басынан бастау, алғашқы қадам жасау одан қиын екенін ұқтым.  Өз ісін сүйген адам барлық жетістікке қол жеткізе алады. Бойдағы қорқынышты жеңген адам, алдына қойған мақсатына ұмтылып, биікке көтеріледі,- деді Әмина Рысбекқызы.

Махатова Балагүл Тахирқызы — «Baiterek Travel Center» туристік фирмасының директоры. Ел экономикасының дамуына ерекше серпін беретін бағыттардың бірі – туризм. Жамбыл жеріндегі туризмнің алға басуына бизнесвумен Балагүл Махатова өз үлесін қосуда.  Жамбыл облысы еліміздің картасындағы ең әдемі, табиғаты жасыл аумақ, ерекше мекен. Осындай ерекшелікті ұтымды ескерген Балагүл Тахирқызы Жуалы ауданынан туристік орталық ашуды жөн санаған. Шетелдіктерге тарихымыз бен табиғатымызды тамаша таныстырып қана қоймай, мәдени-тынығуына да жағдай жасайды. Туристік орталық басшысы бүгінде Жуалыдағы «Көксай» тауы баурайында курорттық киіз үй қалашығы жобасын қолға алып, қонақтарды қазақ халқының дәстүрімен тәнті етуде.