Тараз. 77news — Көктемнің көркем мерекесі қарсаңында Жамбыл облысы атқа мінерлері аяулы аналарға құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады. Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов, ғасырдан ұзақ жасаған көп балалы ана Жібек Тұрғынтаеваны құттықтап қайтты, деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агентігі тілшісі.

Қарт ана, жастайынан қызылша алқабында еңбек еткен. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Қос нәубетті көзімен көрген қария 45 жылға жуық уақыт бойы жан алысып, жан берісіп тіршілік қылған. Құдай қосқан қосағы екеуі 10 ұл тәрбиелеп, ұяларына қондырыпты. Қазір аяулы әжей 20 немере, 30 шөбере және 7 шөпшек сүйіп отыр. Абыз ана «шүкірден өзге айтарым жоқ» деп отыр. «Өйткені, бүгінде ұрпақтарым «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда» өмір сүріп жатыр» дейді. Ақ жаулықты әже, мейрам сайын құттықтап, халін білуге келетін билік өкілдері мен тілшілер қауымына да алғыс айтып, ақ батасын беруді ұмытпады.