Фото: Avestnik.kz

Тараз. 77news — Бүгін қазақ халқының көнеден келе жатқан мерекелерінің бірі — Көрісу күні. Бұл күнді атап өту дәстүрі негізінен Қазақстанның батыс облыстарында кең өріс алған. Көне ғұрып, ескі салтты батыстық қазақтар жақсы сақтаған, — деп хабарлайды 77news.kz тілшісі

14 наурыз күні — қыстан қысылып шыққан халық хал сұрасып, жастар ақсақалдармен, ақ жаулықты әжелермен көрісетін күн. Бұл күні жасы үлкендер кішілерді күтіп, келгендерге ерекше мейіріммен батасын береді. Осы күні әр үйде дастархан жайылып, ұлттық тағамдар қойылып, адамдар бір-бірімен құшақ жая амандасып, есендік сұрасады. Өкпе-реніштерін кешіріп, татулыққа бастайтын бұл күн басқаша Амал күні деп те аталады. Көрісу — қазақ халқының өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдістерінің бірі.

Бұл мереке Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Ақтөбенің кейбір аудандарында, Ресейдің көршілес Астрахан, Саратов, Орынбор өңірлерінде, Қарақалпақстанда аталып өтеді.

Мейрамның бір ерекшелігі — ол наурыздың 14-інен басталып, айдың соңына дейін жалғаса береді.

Соңғы жылдары жақсылықтың жаршысына айналған Амал меркесі Қазақстанда тойлану аясы кеңейіп келеді. Мәселен, биыл алғаш рет Жамбыл облысында да тойланбақ. Сондай-ақ, Жамбыл жұртшылығы  Наурыз тойын 9 күн атап өтетін болады. Әулиеаталықтар Ұлық меркені тойлауды бүгіннен бастайды.

Біздің жаңалықтарымызды Telegram парақшамыздан оқи аласыздар! Жазылыңыздар!