Тараз. 77news — Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы – байырғы заманнан келе жатқан “көктемгі жаңару” мерекесі Көрісу күнінен бастау алады. Бұл мерекені биыл Жамбыл жұртшылығы да ерекше ықыласпен атап өтті, — деп хабарлайды 77news.kz тілшісі. 

Көпшілік «Көрісу күнін» «қауышу күні» деп те атайды. Биыл өңірімізде аталған мерекенің мағынасына ерекше мән беріліп отыр. Облыс жұртшылығына ұлыс күнінің көптеген мерекелерден артықшылығын, тарихи маңызын айшықтап, халыққа насихаттау мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өңірімізде тұңғыш рет «Көрісу күнін» тойланды.

Көрісу күнінің тарихына үңілер болсақ, бұл атаулы мерекені тойлау бізге ежелгі сақ дәуірінен жеткен. Бүгінгі шарада облыстық драма театрларының ұсынған қойылымында сақ патшайымы Тұмар (Томирис) ханшайымның майданға кеткен ұлы Спаргапистің еліне аман оралып анасымен көріскені сахналанды. Ұрыс даласында дұшпандарымен жан аямай күрескен өжет жауынгерлер жарларымен, аналар перзенттерімен көрісіп, Тұмар патшайым дәл осы күнді «Көрісу күні болсын» деп жариялайды. Сонау ықылым заманнан бері бұл күннің мән мағынасын, маңызын көптеген этнограф ғалымдар, мәдениеттанушылар зерттеп келді.

«Баласағұн» орталық концерт залының ауласында ұйымдастырылған мерекелік думанға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов арнайы қатысты. Сондай-ақ, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен Еңбек ері Нұрмаған Тілегенов жиналған қауымды Наурыз мерекесінің басталуымен, Ұлыстың Ұлы күніне қыстан аман жетуімен құттықтап, ақ баталарын берді. Осы үлкен мерекеге арқау болған мәдени шара Жамбыл облыстық филармония өнерпаздарының думанды концерттік бағдарламасына ұласып, қала жұртшылығы ерекше күйге бөленді. Ақ жаулықты әжелер ардагерлер мен жұртшылыққа бауырсақ таратып, наурыз көжеден дәм татқызды.

«Жыл сайын көктемнің келуімен бірге төрімізге енетін Наурыз мерекесін облыс жұртшылығы алдағы тоғыз күн тоқтамай тойлайтын болады. Түрлі мәдени, рухани шаралар ұйымдастырылады. Тоғыз күнге тоғыз түрлі атау беріліп, мән маңызы тереңдей түспек. Бұл игі бастама жыл сайын дәстүрге айналса 5000 жылдық тарихы бар Наурыз тойының бастауы «Көрісу күнінің» маңызы артып, күллі қазақ даласы болып атап өтетін ірі думанға айналады деп білеміз,» — дейді ұйымдастырушылар.

Біздің жаңалықтарымыз Telegram парақшамыздан оқи аласыздар! Жазылыңыздар!