Тараз. 77news — Облысымыздағы ардагер журналист, «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газетін ширек ғасырға жуық уақыт басқарған Баттал Жаңабаев биыл 90 жасқа толып отыр. Осыған орай Жамбыл облыстық барша бұқаралық ақпарат құралдары арасында бильярдтан турнир өтеді, — деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агентігі ұйымдастыру комитетіне сілтеме жасап.

Жамбыл журналистикасы ақсақалының мерейтойына орай «Aq jol», «Знамя труда» газеттерінің редакциялары және облыстық «JAMBYL» телеарнасы Талас ауданы әкімдігінің қолдауымен аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында бильярдтан турнир ұйымдастыруда.

Жарыс 17 наурызда, сенбі күні, Тараз қаласындағы «Халил» бильярд клубында (Ы. Сүлейменов және Желтоқсан көшелерінің қиылысы) өтеді. Сол күні сағат 9.30-да тіркелу аяқталып, жеребе тасталады. Турнир олимпиадалық жүйемен өтеді. Яғни жеңілген қатысушы жарыс жолынан шығарылып, жеңіске жеткен ойыншы келесі кезеңге жолдама алады.

Турнирге қалалық және аудандық газет редакцияларынан – бір, облыстық басылымдардан – екі және облыстық телеарнадан үш ойыншы қатыса алады. Ал республикалық бұқаралық ақпарат құралдарынан бір-бір өкілден қатысуына мүмкіндігі бар.

Біздің жаңалықтарымызды Telegram парақшасынан оқи аласыздар! Жазылыңыздар!