Тараз. 77news — Жамбылда Наурыз мейрамын тоғыз күн ерекше атап өту бастамасы өз жалғасын табуда. Бүгін бір жарым мыңнан астам студент жастар, таң атысымен мерекелеуді бастады, — деп хабарлайды 77news ақпарат агенттігінің тілшісі.

Облыс орталығының 5 жерінде топталған жастар  сондағы батырларға арналған мемориалдарға гүл шоқтарын қойып, рәсімді ретімен орындады. Ел үшін опат болған тұлғаларды бір сәт еске алып, тағылымды әңгіме өрбітті. Сонымен бірге бұл күн қасиетті жұма күнімен дәл ме дәл келіп, әруақтарға дұға бағышталды. Кәсіпкерлер қолдауымен қайырымдылық акциялары да жоспарланып отыр.

Мерекенің төртінші күнінде қаладағы атшабар скверінде «Қош келдің, Әз наурыз!» атты театрланған қойылым сахналанды. Жоғары оқу орындары студенттерінің ұйымдастыруымен өткен шара көптің көңілінен шыққан сыңайлы. Жамбылдық жұрт жас өнерпаздардың талантына тәнті болып, сәттілік тілеп жатты.

Ал, ертең 17 наурыз «Алас күні» деп бекітілді. Яғни, шаһар бойынша тазалық жүргізіліп, тал-дарақтар отырғызылмақ. Биыл тоғыз күн тойланатын наурыз мерекесі  тараздықтар үшін ерекше есте қалары сөзсіз.