Фото: inform.kz

Тараз. 77news — Жамбыл облысының тұрғындары Наурыз тойына дайындық жасап, жалпыға ортақ сенбілік ұйымдастырды. 6 мыңнан аса ағаш отырғызып, қаланы қоқыстан тазартты, деп хабарлайды 77news.kz тілшісі. 

Естеріңізде болса, биыл Жамбыл өңірі Наурыз мерекесін 9 күн тойлайды. Бұл сенбілік Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Алас күніне» орай ұйымдастырылып отыр.

Тараз қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарланғанындай, елді мекендерді көгалдандыру мен санитарлық тазалық жұмыстарына қоғам өкілдері, мемлекеттік қызметшілер қатысты.

«Таразда бүгін облыс және қаланың бірінші басшыларының, ардагерлер мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен ағаштар отырғызылды. Сирень, акация, гүл салатын ағаштар Хибаттулла ат-Тарази орталық мешітінің, Тұңғыш Президент паркінің және Қайрат Рысқұлбеков паркінің алдына отырғызылды»,-деді Тараз қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Гүлбаһрам Дүйсекова.

Сенбілікке барлығы 8900 адам қатысып, 6100 ағаш отырғызылған. Ортақ іске 60-тан астам техника жұмылдырылып, 430 тонна қоқсық шығарылған. 12 км арық тазаланған.