Тараз. 77news —  Облыс баспасөзінің қарашаңырағы «Ақ жол» газетінде «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілерінің тұсауы кесілді. Бұл бастаманы ұлттың зиялылары қолдаса екен дейді ұйымдастырушылар 77news АА тілшісіне берген сұхбатында.

Бас гезетте — жеті сәбидің тұсауы кесілді. Бұл бүлдіршіндер өзге баладай емес. Шақалақ шағынан тағдырдың талқысына түскен. Бұл — ата-ананың қамқорлығынан тыс қалған «Үміт» бөбектер үйінің тәрбиеленушілері. Ата-дәстүрді жаңғыртқан редакция қызметкерлері сауапты істі акцияға айналдырып отыр. Осылайша, бұл игі шара бүкілхалықтық сипат алса дейді.

Бастаманы қолдай келген жандар — өңірге танымал, сан-саланың үздік тұлғалары. Басы боп Баттал Жаңабаев, Несіпбек Дәутайұлы және сөздің сырын білген журналистер де осы арадан табылды. Баталарын беріп, бала болашағына тілекші екендерін жеткізді.

Айта кетейік, «Ақ жол» газеті осы бір қайырымдылық акция аясында әлеуметтің аз қамтылған топтарын, әрі мүгедек жандарға да жақсылық жасауды жоспарлап отыр.