Cәмен Құлбарақ: «Наурыз мейрамы — халықтық мереке»

0
130

Бүгінгі күні Наурыз мерекесінің мән-мағынасын жастар жағы толықтай білмей жатады. Көпке топырақ шашпаймыз, әрине. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақпен сұхбаттасуды жөн санадық. Аға буын өкілі Сәмен Оразғалиұлы «Ұлыстың ұлы күні — Наурыз» мерекесі жайлы тың деректермен бөлісті.

— Наурыз мейрамының тарихына тоқталып өтсеңіз?

— Наурыз мейрамы дәл мына уақытта шықты деп ешкім дәл айта алмайтын болар. Бірақ мейрамның өте ерте уақыттан бері келе жатқаны мәлім. Өйткені, бұл — ешқандай идеологияға, дінге бағынбайтын халықтың тұрмыстық, шаруашылық жайынан бастау алған мереке. Шығыс халықтарының дәстүрлі мерекесі деп те жатады. Шындығында, бұл мерекенің негізінде, астарында қыстан қысылып шыққан халықтың жер-аяғы кеңіген көктемді қуана қарсы алуы бар. Ал көктем, жаз жанға жайлы, кеңшілік уақыты. Қазақ халқының тірлігі малмен байланысты болғандықтан, бұл күннің қуанышында шек болмаған.

— Наурыз мерекесі қандай мейрам? Мерекенің мәні мен маңызын, басты ерекшелігін ашып айтып берсеңіз? Наурыз мейрамы өз деңгейінде тойланып жүр ме?

— Наурыз — біріншіден, көктемнің келуі десек, екіншіден, адамдардың арқа-басы кеңіп, бір-бірімен қатысып, бір-біріне жақсы тілектерін айтатын жақсы кез. Қазақ халқы Наурыз мерекесіне үлкен мән берген, жоғары бағалаған. Сондықтан оны «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған. Бұл күн –«құл құрықтан құтылатын» күн. Байы мен жарлысы қатар тойлаған. Қазан-қазан наурыз көже жасалып, ойын-сауық болған. Жұрттың бұл күнгі көңіл-күйі мейлінше жоғары болған. Тіпті ел ішінде «Бұл күні жұмыс істегендердің мойны қалтылдақ болады» деген аңыз таратқан. Әр шаңырақ тәттілерін, жұмсақтарын осы күнге сақтаған. Осыған байланысты ел ішінде «Ұзын сары» аңызы айтылады. Шаңырақтың иесі – отанасы жылы-жұмсақтарды, тәттілерді кейінге сақтай берген ғой. «Апа-ау, кімге сақтап жүрсің» десе, «Ұзынсары келеді, соған сақтап жүрмін» депті. Келетін ұзынсары жоқ, сөйтсе апасының тұспалдап айтқаны осы Наурыз мейрамы екен. Кебеже ашылып, бар жақсы қазанға салынып, тәттілер дастарқанға қойылып, бұл күнге аман-есен жеткендеріне шүкіршілік етіпті. Наурыз мерекесінің ең жақсы дәстүр көрінісінің бірі – адамдардың бір-бірімен емен-жарқын құшақтасып, бір-біріне шын тілектерінің айтылып жатуы. Адам болған соң, ағайын болған соң арада кейде өкпе-реніштер болып қалып жатады. Наурыз күні кездесіп, жақсы тілектер айтып, төс қағыстырғанда, сол реніш-өкпелер қайта айтылмай-ақ ұмыт қалуға, өткен жылға сонымен қалуға тиісті болған. Бұл тамаша дәстүр деп білемін. Адамдардың бір-біріне кешірімді болуы – жақсы қасиет. Бұл бүгінгі күнде де жалғасуы тиіс.

— Наурыз тойында жасалатын ғұрыптарға тоқталып өтсеңіз?

— Наурыз мерекесі сәтінде жалпы қауым бір-бірімен кездесіп жатады. Жақсы тілектер айтылып, рет-ыңғайына орай үлкендердің баталары беріледі. Осы арада бата демекші, біздің қазіргі үлкен адамдарымыз бата дегенге жеңіл қарайтын тәрізді. Шындап келгенде, батаның салмағы ауыр. Сондықтан кез-келген адамға бата беруді ұсыну – кейде ол адамды ыңғайсыз жағдайға қалдырады. Батаның орнына тост айтып кетіп жатады. Бұл бүгінгі қариялардың ойланатын мәселесі. Баталы сөз аталы сөз болып, қол жаюшы жастардың ойына қадау-қадау саңылау тастайтындай ұлағатты болуы қажет. Осы ретте тамақтан кейінгі ас қайыруды да айтар едім. Қазіргі кезде тамақты іше сала әрқайсысы жөн-жөнімен дастарқан басынан тұрып кетіп жатады. Бұл аралықта да бұрынғы ата-бабаларымыздың дәстүрін жалғастырып, жандандыруымыз қажет. Дастарқан басы, біріншіден, отбасы мүшелерінің басын қосатын жер, міне, осы сәтте ас қайырудың өзі ретімен, салтанатымен өтіп жатса, жақсы емес пе. Мұнда отбасы мүшелерінің ауызбірлігі, жақсы тілектер айтылады. Шаңырақтағы әр адамның орны көрінеді. Олардың бір-біріне сыйластығы артады деп білемін. Рухани жаңғыру дегендегі дәстүрдің жалғасытығы деп осыларды айтсақ керек.

— Кейбіреулер Наурызды діни мереке санап жатады. Бұл қайдан шыққан қауесет екен?

— Наурыз – ешқандай идеологияға, саясатқа бағынбайтын, халықтың тұрмыс-тіршілігінен туындаған халықтық мереке. Сондықтан да оның тарихы біз білмейтін тереңде, ықылым заманда. Қазіргі уақытта бұл мейрамды діннен бөліп айқайлатып жатудың да қажеттілігі шамалы. Бұл кешегі – құдайсыздықты алға тартқан кеңестік қоғамның салдарынан туындаған ұғымның қалдығы. Дін – апиын емес, дін – имандылық негізі деп жатқан бүгінгі қоғамда адамның адамға деген жақсы тілегі имандылықпен жалғасып жатады.

— Наурызға қатысты «Наурызнама» термині жайлы айтып берсеңіз?

— Біз кейде ұғымымызды өзге терминдермен көмескілей беретініміз бар. Әйгілі Шығыс ақыны Хорезмидің «Ғашық наме», М.Х. Дулатидің «Жаһан наме» атты туындылары бар. Бұлар белгілі бір тақырыпқа арналған жыр, поэзиялық шығарма деген ұғымды білдіреді. Сондықтан Наурызнама дегенді оншалықты түсінбеймін. Түсінікті, қазақы ұғыммен де айта берсе болады ғой деп ойлаймын.

Сұхбатыңызға көп рахмет аға! Осы берген жауабыңыздан жастар жағы өз керегін алар деген сенімдеміз.

                     Гүлнар ДІЛДАХАНҚЫЗЫ