Тараз. 77news — Желіге жегілген жандардың құлағына алтын сырға. Енді экстремистік ұйым деп танылған топтарға тіркеліп жазбалармен бөлісер болсаңыз, солардың сойылын соққан боласыз. Тіпті 2 жылға дейін бас бостандығыңыздан айырылуыңыз бек мүмкін. Бұл туралы Бас прокуротура өкілдері хабар таратты, деп хабарлайды 77news.kz тілшісі.

Бұл «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын экстремистік ұйым екенін мәлім еткен елордадағы баспасөз отырысы. Бас прокуратура бұл қозғалысының тіркелмей, заңсыз әрекет жасап отырғанын анықтаған. Құзырлылар қазақстандықтарға әлеуметтік желілердегі «Қазақстанның демократиялық таңдауы» ұйымына қатысты аккаунттарды жоюға да кеңес берді. Сонымен қатар, аталған ұйымды әлеуметтік желіде қолпаштаған кез келген пікір, экстремистік ұйымды қолдау болып саналатынын да атап айтты.

«Интернет желілер, месенджерлер, сондай-ақ басқа да әлеуметтік топтарға парақшалар тарату арқылы Әбіләзов белсенді түрде Қазақстан азаматтарын қозғалысқа қосылуға шақырады. Қазіргі биліктің жағымсыз бейнесін құрып, қоғамға наразылық көңіл-күйлер қалыптастыруда. Осылайша жоспарлы түрде әлеуметтік наразылық пен алауыздықты қоздыруда. Наразылық акциялардың бейбітшілігі туралы айтса да, қозғалыс басшысы Әбіләзов пен оның белсенділерінің қылмыстық мақсаты билікті құлатып басып алу,» — дейді Бас прокуратураның ресми өкілі Оксана Лоскутова.

Осы мәлімдемеден кейін бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникация мен әлеуметтік желілер, еліміз бойынша күшейтілген түрде бақылауға алынды. Өңірдің өзінде ақпараттардың барлығы сараптамадан өткізіліп, қозғалысқа қолдау болғандарды құзырлылар құрықтай бастады. Тексеріс нәтижесі бойынша, олардың кейбірі саналы түрде бөліссе, ендігісі топқа қалай тіркелгенінен де хабарсыз.

Ендігісі эксремистік топтан басы бүтін бас тартып, тіпті әлеуметтік желімен қоса өшіруде.

Айта кетейік, бүгінге дейін елімізде 6 топ экстремистік ұйым ретінде танылған болатын. Енді олардың қатарына «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы да еніп отыр. Құқық қорғаушылар бұл топтардың қай-қайсысына қолдау көрсеткен кез-келген тұлға қатаң жазаланатынын ескертіп отыр.