Тараз. 77news — Астанада «J1-JASTAR1» жастарға арналған жаңа телевизиялық арнаның тұсауы кесілді, — деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«J1-Jastar1» телеарнасы — жастардың талаптарына сай заманауи телевизиялық трендтерді тарататын, жастардың жобаларын, ой-пікірлерін қолдауға, сонымен қатар олардың арасындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жаңа форматтағы арна. Телеарна 2018 жылдың 28 наурызында ID TV платформасында, You tube пен Instagram әлеуметтік желілерінде іске қосылды. Болашақта «Отау ТВ» кабель жүйесі арқылы тарату жоспарланып отыр.

«J1-Jastar1» телеарнасы, ең алдымен, 14-29 жас аралығындағы жастарға бағытталғанымен, оқушылар, студенттер, жас мамандар мен әртүрлі қызмет атқаратын жас ұрпақтың ойына немқұрайлы қарамайтын барлық жандар үшін қызықты болмақ.

«Жастар арнасын ашуға не себеп болды? Елімізде жастармен бірге жұмыс істейтін арнайы телеарнаның жоқтығын байқадық. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан нарығында көптеген телеарналар бар. Ал шын мәнінде, жастар өзінің ойын жеткізіп, бір-бірімен тіл табыса алатын, көкейіндегі сұрақтарға жауап таба алатын телеарнаның жоқтығы осы арнаны ашуға мұрындық болды. Телеарнаның ең негізгі бағыты — білім, саясат және жастардың тұрмыс-тіршілігі, жастарды ойландырып жүрген мәселелерді қаузау. Бұл жерде жастарға арналған бағдарламамен бірге, фильмдер де болады», — деді Орталық коммуникациялар қызметінде телеарнаның бас директоры Ілияс Ысқақов.

«Телеарнаға жеке инвесторлар ақша салады. Арна рейтингі жоғары әрі қызықты болуы керек деп есептейміз. Сондықтан, осылайша, демеушілер мен жарнамалар берушілерді тартқымыз келеді», — деді Ілияс Ысқақов.

Жаңа арнаның іргетасын қалауда Жамбыл облысының жастары да жұмыла жұмыс жасап жатыр. Атап айтсақ, телеарна негізін қалаушы — Ысқақов Ілияс, директордың шығармашылық ісі жөніндегі орынбасары — Шәудірбаева Ғалия, қаржы директоры — Рашит Аманжолов,  директордың әкімшілік-шығармашылық ісі жөніндегі орынбасары — Төлендиев Абдырахым, техникалық директор — Асылбек Досыбаев, графикалық дизайнер — Біржан Нұғман, дизайнер — Олжас Бүксікбаев. 

Жастардың жоғын жоқтап, барын бағалайтын телеарнаның қадамы құтты болсын. Тағылым мол, берері көп мұра болып қалсын, ұрпаққа!