фото:Fotores.ru

Болашақта қандай бизнес өміршең? Фотосурет шығару ісі келешекте қаншалықты керек кәсіп? Фото арқылы қалай табыс табуға болады? Осы төңірегінде зерттеу жасап, назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Бүгінде фотосуреттерді басып шығару ісі бизнестің бигінде ұзақ уақыт өмір сүре алмайды деген жаңсақ пікірлер кездеседі. Бұл қате түсінік. Себебі суретке түсу бар жерде оны сақтау да болары анық. Ал суретті сапалы сақтау үшін арнайы фотосалондар көмегіне жүгінетініміз анық. Осыдан он жыл бұрын фотостудиялар бизнесі қарқынды дамыған болатын. Қазір бұл саланың табысы азайғанымен келешекте жойылып кететін кәсіптер қатарына кірмейді.    

Нарыққа сандық техника араласып, бұрынғы жүйені бұзды. Фото орама (фотопленка) арқылы шығатын суреттер халықты еріксіз фотосалондар есігін қағуға мәжбіүр етсе, енді цифрлық фото басып шығаратын түрлі-түсті баспалық құрылғы (принтер) пайда болғалы тұтынушылар үйде отырып-ақ қажетті қызметке қол жеткізе алатын болды. Алайда сандық баспа құралына әрбір адамның қолы жете бермейді. Қолжетімді болған күннің өзінде құрылғының бояуы 10/15 форматты 60 дана фотоға ғана жетеді екен. Ал ол қарапайым халық үшін тиімсіз. Сондықтан фотостудия көмегіне жүгінгенді дұрыс көреді. 

Қоғамның кейбір мүшелері фото салондар қызметін, яғни сурет сақтауды электронды түрде (флешка, диск, хард диск, мобилді телефон, компьютер, ноутбук) жинаған тиімді санайды. Бірақ техника істен шықса, құнды дүниелеріңіздің құрдымға кететіні сөзсіз. Ал сурет етіп шығарып сақтаса, кемінде 50 жылға дейін естелік болып қалады.

Бүгінде фотографтар өз кәсіптерін қатардан қалдырмай жаңа технологиямен дамытып келеді. Ыдыстардың тысына, киімдерге, жастықшаларға суреттер жапсырып, салпыншақтар ішіне фотолар орналастырып, магниттік жапсырмалар жасап, фотомозайкалармен ел назарын аударып отыр.

Сөз соңында айтарым, фото басып шығару бизнесі тек кәсіп емес, ол — халық ықыласына бөленіп, алғысын алатын мамандық. Болашақта бұл кәсіп нәсіп әкелмейді деген пікірден аулақ болайық.