Тараз. 77news — Ел үшін туып, ел үшін мерт болған полиция капитаны Ғазиз Байтасовты жамбылдықтар еске алды. Бүгін Отаны үшін опат болған батырдың туған күні. Ол осыдан 6 жыл бұрын қарашаның 12-сінде Тараздағы лаңкестік әрекетті тоқтатып, ерлік танытқан болатын. Батырдың көзі тірі болғанда 47 жасқа қадам басқан болар еді. «Халық қаһарманын» еске алуға арналған жиынға жақындары мен әріптестері көптеп жиналды.

Марқұмның туыстары мен әріптестері облыстық Ішкі істер департаменті алдында батырдың құрметіне тұрғызылған ескерткіш алдына жиылды.

Еске сала кетсек, 2011-ші жылдың қараша айында лаңкес Мақсат Қариев Тараз тұрғындарын дүрліктірген болатын. Өзін «жиһад жауынгерімін» деп жолдан тайған азамат жеті адамды жер жастандырған. Оның 5-і құқық қорғау органдарының қызметкерлері болатын. Сондай-ақ, 3 тәртіп сақшысы жарақаттанған болатын. Мерт болғандардың қатарында қару сататын дүкеннің сатушысы мен қожайыны да бар. Дәл осы кезде ерлік танытқан Байтасов денесіне жарылғыш заттарды байлаған қаскөймен айқасқа түсіп, бірге жарылып кетеді. Қарашадағы қанды оқиғада қаза болған батыр бейнесі халық жадында қала бермек.

«Ғазиздің аяулы есімі әріптестерінің жүрегінде әрқашан сақталып, асыл бейнесі жадымызда әрқашан жаңғыра бермек. Сонымен қатар, Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігі ұрпаққа, артында қалған әріптестеріне, еліне, халқына қалтқысыз қызмет етудің үлгісі деп білеміз,»- деп еске алады запастағы полиция полковнигі Өрнекбай Смайлов. 

Есіл ерді бүгін жамбыл жұрты еске алып, батыр бейнесіне гүл шоқтарын қойды. Көзін көрген  үзеңгілестері мен ішкі істер департаментінің қызметкерлері тәртіп сақшысының ерлігін елге үлгі етті. Байтасовтың артынан ұрпақ жалғастырар 2 ұлы, жесірі жылап қалды. Ағайын-бауырлары да қан жұтты.

«Ғазиздің артында екі ұлі қалып отыр. Арманжан мен Әділжан. Арманжанымыз әкенің ізімен биыл мынау біздің қазақ мемлекеттік университеттің заң факультетіне түсіп, оқып жатыр. Әділжанымыз әліде кішкентай болса да әкесінің ізімен барып осы полиция қызметкері болам дейді. Елімізге, халқымызға рақмет. Ғазиздің ерлігін ұмытпай, тағзым етіп, осындай іс шаралар ұйымдастырып жатқандарына», — деп алғысын жаудырды Ғазиз Байтасовтың жары Гүлжамал Тәжиева.

Отанымыз өз патриот ұлдарын ешқашан ұмытпайды. Ерлік қазақтың қанына сіңген қасиет десек, Байтасов — Тәуелсіз елде «Халық қаһарманы» атағын алған жалғыз полицей. Ел тыныштығы жолында қаза тапқан батырдың ерлігі мәңгі жасай береді. Тиісінше, өскелең ұрпақты ұлы істерге жетелейтіндігі белгілі.