Тараз. 77news — Елбасы ұсынған бес әлеуметтік бастама әрбір қазақстандық үшін ерекше маңызға ие. Аталған құжаттың басым бағыттарын Жамбылдық жұртшылыққа түсіндіру мақсатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары өңірімізге жұмыс сапарымен келді, — деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агентігі тілшісі.

Халық қалаулылары Тараз металлургиялық комбинатының тыныс-тіршілігімен танысып, мемлекет басшысының әлеуметтік бастамалары қалай жүзеге асырылатыны жайлы айтып берді.

Тараз металлургиялық зауыты 2014 жылы іске қосылған болатын. Бұл кәсіпорын ферроқорытпа мен электрод массасын өндіретін еліміздегі ірі өндіріс ошақтарының бірі. Мұнда күнделікті қалыпты жұмыс жағдайында бір пеш 80 тонна ферросилико-марганец өңдей алады. Ал дайын өнімдер Ресей және Өзбекстан елдеріне жөнелтіледі. Зауыттың техникалық директорының айтуынша, біздің өңірде білікті маман тапшылығы байқалады екен.

Кәсіпорындардың жұмысымен танысқан Әбдіманап Бектұрғанов, елбасы бастамасының өнеркәсіпке де оң өзгеріс әкеліп жатқанын атап өтті. Сонымен бірге білімнің биіктеп, сапасының артуына да аталған үндеудің берері көп,- деді. Бүгінде 530 мыңнан астам студент ЖОО-ында білім алса, олардың тек 30 пайызы ғана мемлекеттік грант негізінде оқиды. Ал, басымдықтағы берілетін тағы 20 мың грант, осы олқылықтың орнын толтырмақ.

Бұл сапарда жалпы Жамбыл өңіріне 8 мәжілісмен ат басын тіреген болатын. Мақсат – аяқ басқан орындардың баршасына бес бастаманың тиімділігін жеткізу. Әрі кәсіпорындарға деген көмектің де заң тұрғысынан көрсетілетінін осы сапарда халық қалаулылары ашып айтты.