Фото: Sputniknews.kz

Тараз. 77news — Жұмыс беруші зейнет жасына жақындаған қызметкерді мазаламайтын болады. Бұл — жаңа заңның талабы. Бүгін Астанада өткен баспасөз маслихатында осы жайлы сөз болды, — деп хабарлайды 77news.kz

Жұмыспен қамту мәселелеріне арналған жаңа заң жобасы бойынша зейнеткерлікке жақындап қалған, бірақ әлі шықпаған жұмысшыны мазалауға тыйым салынып отыр.

ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаевтың айтуынша, бүгінде қызметкер зейнет жасына толмаса да жұмыс беруші оған зейнетке толғанда келісімшартты бұзатыны туралы ескерту xаттарын жіберіп жатады.

«Осы мәселеге қатысты дау-дамайлар жиі болады. Себебі жұмыс беруші зейнет жасқа жақындап қалған қызметкерді түрткілеп, уақыттан бұрын мазасын алып жатады. Біздіңше, олай болған дұрыс емес. Этика жағынан да адамды қайта-қайта мазалап отырған орынсыз. Қызметкер зейнет жасына келгенде ескерту xаттарын жіберуге болады. Осыған байланысты тиісті заң жобасына өзгерістер енгізіліп отыр», — деді Н.Әлтаев бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Айта кетейік, «Халықты жұмыспен қамту және көші-қон мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар туралы» заң жобасы Сенаттың талқылауынан өтті. Аталған құжат Президенттің қол қоюына жіберілді.