Тараз. 77news — Облыс орталығындағы Жеңіс саябағы түпкілікті түрленбек. Мәңгілік алау мен музей, 68 мың жауынгердің есімі жазылған көркем кесенелер де саябақ төрінен орын алады деп жоспарлануда, — деп хабарлайды 77news.kz  ақпарат агентігі қала әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйеніп.

Қазір батыр Бәукеңнің есімін иемденген демалыс орыны, құрылыс алаңына айналған. Құрылысшылар, «Басшылықтың бақылауымен паркті бастан аяқ өзгертіп, мамыр айына дейін халық игілігіне береміз,»- деп отыр. Сол үшін олар 2 ауысымда жұмыс істеп жатыр.  Шаһардың орталығында орналасқан Б.Момышұлы және Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштер де осы саябаққа көшірілмек. Сондай-ақ былғары комбинаты аумағындағы «мәңгілік алау» монументі де осында орналасатын болады. Бұдан өзге және басты жаңалық батыр Бәукең мен соғыс ардагерлеріне арналған арнайы музей бой  көтеретін болады. Сонымен қатар саябақта ҰОС қатысқан 68 мың жауынгердің есімдері мәрмәр тасына қашалып жазылмақ.

«Жеңіске» жаңа келбет беретін құрылысты жобалауға, саябақты түрлендіруге «Арыстан-Сервис» ЖШС-гі таңдалды. Аталған компания директоры Нұрлан Күлешевтің айтуынша, саябақ енді атына заты сай күйге енбек.  Жаңа жобалардың тарих пен және көне шаһар келбетімен  үйлесуіне баса назар аударған. Сол үшін әр құрылысты жеке-жеке сараптамадан өткізген. 

Енді «Жеңіс» саябағы алдындағы І.Жансүгіров көшесі де түрленетін болады. Бұрын көшенің ені 7 метр болса, жөндеуден кейін 12 метрге дейін кеңейтілмек. Бұл жаңашылдық та халық игілігі үшін, шаһардағы көлік қозғалысы үшін маңызды.

Қазір саябақты түрлендіру үшін бас аяғы 120 жұмысшы мен 30 техника  екі ауысымда күн-түн демей жұмыс жүргізуде. Тағы бір айта кететіні, саябақ арқылы өтетін Қарасу өзенінің жағалауы да ретке келтіріліп, түрлі демалыс орындары ашылады деп күтілуде. Саябақ ішінен жаяу жүргіншілерге және велосипедке арналған жолдар да пайда болмақ.

Қала басшысы Рүстем Даулет алда келе жатқан «Жеңіс күні» мерекесін осы саябақта атап өтеміз дейді өз сөзінде. Осындай ілкімді істерге облыстық бюджеттен 370 млн. теңге қарастырылған. Бөлінген қаржының шашауын шығармай халыққа қызмет ететін демалыс орынын қайта құру үлкен жетістік екенін атап өтті қала әкімі.