Тараз. 77news — Бүгін облыс орталығынан Ресейге Жамбыл жерінің топырағы жөнелтілді. Арнайы құтыға салынған қара жердің бөлігі Волгоград қаласына жеткізілмек. Сол арадан арнайы даярланған мемориал маңына қойылатын болады, деп хабарлайды 77news.kz тілшісі.

27 сәуір күні Ресейдің Волгоград қаласында Қазақстаннан шыққан ҰОС ардагерлеріне арналған мемориалдың ашылуы болады. Сталинград қаласын ерлікпен қорғаған қазақ жауынгерлерінің құрметіне даярланған шараға, еліміздің барлық қалаларынан қара жердің бөлігі жөнелтілді.

1941 жылы Жамбыл қаласының аумағында Сталинград қаласын ерлікпен қорғаған 81-кавалериялық дивизиясы құрылғаны белгілі. Атты әскер дивизиясы 1942 жылы қазанда Ста­линград майданының, 28-армия құ­рамында болды. Олар қала іргесінде Еділ бойының 100 шақырымын қорғап тұрған болатын. Соғыс барысының оң жаққа өзгеруіне де, дәл осы әскердің маңызы зор болғандығын атап өту қажет. Жасалып жатқан ізгі шара сол ерлеріміздің есімін ұмытмау, ел жадында мәңгілік қалдыру, — дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Айта кетейік, Сталинградтағы сұрапыл соғыста 600-ден астам жамбылдық жауынгер қаза құшқан болатын. Жау жағадан алғанда, шегінбестен жанын пида еткен ерлер үшін, Волгоград қаласынан «Қазақ» көшесі берілді. Енді, міне тағы тарпаң тұлғалар үшін, архитектуралық ескерткіш бой көтергелі отыр.