Тараз. 77news — «Қазпошта» акционерлік қоғамы қызметтер көкжиегін кеңейтіп отыр. Әсіресе, шалғай ауылдағы ағайынға тиімді мүмкіндіктер ұсынуда, — деп хабарлайды 77news.kz. 

Мәселен, енді алыс елдімекендердегі зейнеткерлер мен еңбеккерлер айлықтарын ауылдан шықпай-ақ ала алады. Бұған дейін аудан мен қала орталықтарына сабылатын жұрт үшін ыңғайлы жүйе кеше Қазпошта басшылары өткізген брифингте кеңінен талқыланды.

Бүгінгі күні «Қазпошта» АҚ Жамбыл облыстық бөлімшесі пошта қызметімен қатар қаржылық ұйымның да жүгін арқалап келеді. Биылдан бастап  мамандар шалғай елдімекен тұрғындарына арнап, ауылдағы пошта бөлімшелеріне пост терминалдар, яғни банкоматтар орнатпақ. Және арнайы төлем карталарында ұсынып отыр. Бұл қызмет арқылы жалақы мен зейнетақыны еш комиссиясыз алуға болады.

Сондай-ақ, ауылдағы ағайын пошта қызметі арқылы ауылшаруашылық үшін субцидия, түрлі қажеттілікке арналған ақшалай несиені де рәсімдей алады. Сонымен қатар қарызды қайтару шарасы да сол пост терминалдар арқылы жүзеге асырылмақ. Жоғарғы оқу орындарының төлем ақысы да ауыл-аймақтан атқарылатын шаруа болмақ.