Тараз. 77news — Биыл өңірде өз ісін бастайтындар саны 469-ға көбеймек. Бұл жөніндегі бүгінгі кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінде айтылғанын хабарлайды 77news.kz ақпарат агентігі. 

«Кәсіпкерлерді қолдаудан шектеу болмауы қажет», — деді кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінде Жамбыл облысына арнайы іс-сапарымен келген Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев.

Басқосуда жергілікті бизнестің дамуына тұсау болып отырған көптеген мәселелер де тілге тиек етіліп, шешу жолдары қарастырылған.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылғанына биыл 5 жыл толып отыр. Осы мерзім аралығында, палатаға құқық қорғау бағыты бойынша 22 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оның 40 пайызы оң шешімін тауып, кәсіпкерлерге тиесілі 92 млрд. теңгенің мүлкі қорғалған. Төрағаның айтуынша, бүгінде мемлекет өз ісін бастағандарға көмектің 52 түрін ұсынып отыр. Кез келген кәсіпкер бір терезе қағидасы аясында осы жеңілдіктерді ала алады екен.

Астанадан аймаққа арнайы келген өкілдердің айтуынша, біздің мекендегі мәселенің бірегейі ол – бос сауда орындары мен жер учаскелері ақпаратының онлайн түрде болмауында. Кәсіпке кідіріс жасайтын бұл жайт алдағы уақытта шешімін табады, — дейді мамандар.

Келелі кездесуде өңірде тоқтап тұрған өндірістер де әңгіменің арқауына айналды. Бүгінде олардың саны — 723. Әкімдік өкілдерімен зерделенген жұмыстар барысында олардың тек 11-нің жұмысы қайта жүргізуге қауқарлы көрінеді. Дегенмен, техникалардың тозуына байланысты, аталған жобаларды қаржыландырудың маңызы жоқ. Сондықтан жұмысы жүйеленген орындарға көмек көрсету қолға алыныпты.

Жиында бизнес пен билік арасында тығыз қарым-қатынастың болу керектігі айтылды. Бұлай жұмыс жасау біраз мәселенің алдын алады, — дейді мамандар. Ал кеңес отырысының қорытындысы бойынша, барлық ұсыныс-тілектер хаттамаға еніп, сараланады. Нәтижесіне қарай негізгі жұмыстар қолға алынатын болады.