Тараз. 77news — Биылдан бастап облыстық медицина мекемелерінің жұмыс істеу жүйесінде бірнеше өзгерістер орын алмақ. Бұл туралы Денсаулық сақтау басқармасы басшысы брифингте кеңінен сөз етті, деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агентігі тілшісі.

Қазір өңірдегі медициналық мекемелерді цифрландыру процесі қарқын алған. Ағымдағы жылдың маусым айынан бастап «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарлама аясында ақ халаттылар қағазбастылықтан арылып, шілде айында электронды денсаулық паспортына көшу жоспарлануда. Сондай-ақ, «Қағаз қолданбайтын емхана» жүйесі аясында мобилдік қосымшалар да дайындалуда. тағы бір айта кететін тың жаңалық, енді емделушілер ұзын-сонар кезек күтіп, сабырларын тауыспайтын болады. Себебі жүйкені жұқартқан ескілік сандық форматқа көшпек.

Дәрігерлерге алын ала жазылу бұрын да болған, алайда бұл жүйе нәтижесін бермеген. Сол себепті биылғы жылдың екінші тоқсанынан бастап, электронды кезек енгізілетін болады. Ол үшін қазынадан 470 млн. теңге қаражат қарастырылған. Осылай медициналық мекемені сандық жүйеге көшіру көп мүмкіндікке жол ашады дейді Жамбыл облыстық бас дәрігер Марат Жұманқұлов.

Жылдан жылға Жамбыл облысында аурушаңдық деңгейі төмендеп келеді.  Мәселен, былтырғы жылмен салыстырғанда «басы ауырып балтыры сыздағандар» саны 4 пайызға азайған.  Бұл жүйелі жұмыстың жемісі екен.