Тараз. 77news — Кемереводағы қайғылы оқиғадан кейін Қазақстандықтарда қауіпсіздікті күшейте бастаған сыңайлы. Тіпті бас прокуратураның өзі басты назарға алып, жауаптылармен жиі жиын өткізуде. Тосыннан тап беретін тілсіз жау жағадан аламас үшін  Жамбылда да кәсіпкерлер мен  төтеншеліктер бүгін бас қосты.

Бірлесе іске кірісеміз деген мамандар 36 ірі сауда орны мен 102 жекеменшік білім беру нысандарындағы өрт қауіпсіздігін қатаң бақылауға алмақ.  Өйткені, 2 сәуірден бастау алған профилактикалық тексеріс нәтижесінде қауіпсіздікті сақталмаған  мекемелер анықталған. Олқылықтың көбі Кемереводағы оқиғаның себептері секілді. Бірінде қосалқы есікке шығар жол бекітілсе, енді бірінде автоматты су бұрқақ істен шыққан.

Сондай-ақ мекеме қызметкерлері де қызыл жалын кезінде қандай қарекет жасау керектігін бейхабар болған. Тіпті, қарапайым телефон соғып, өрт сөндіру қызметін шақыруды да сауатты істей алмайтын көрінеді. Сол себепті енді төтеншеліктер  өрт кезінде  қалай дұрыс әрекет ету керектігі туралы шараларды қолға алмақ.

Аталған бақылау барысында айтылған ескертпелердің аяқ асты қалмауын да қатаң қадағайлайтын болады. Ал, тәртіпке бағынбағандардың ісін  сотқа жолдамақ.