Фото: Шыңғысхан Кеңесхан

Тараз. 77news — Жамбылда ет қымбаттады. Әсіресе, ең өтімді сиыр етінің жыл басынан бергі бағасы төрт пайызға өскен. Алайда, жылқы мен қой етінің құнында аса қатты өзгеріс байқалмайды. Ал сатушылар мен жауапты мамандар қымбатшылықты көктемгі тапшылықпен байланыстырып отыр, — деп хабарлайды 77news.kz AA тілшісі.

Сауда нүктелерінде соңғы кездері ет сатып алушылардың қарасы азайып кеткендей. Өйткені, ет дегенде бет барма дейтін халқымыздың тәбетіне шарықтап жатқан баға әсер етпей қоймапты. Ал өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Керісінше, өңірімізде құс еті – 3,22 %-ға төмендепті.

Фото: Шыңғысхан Кеңесхан

Сатушылар болса, қымбатшылыққа қатысымыз жоқ дейді. Сатылған әр еттің келісінен көретін пайдамыз тиын-тебен  ғана деп отыр. Бір анығы қымбатшылыққа еттің шетелге экспортқа шығарылуының қатысы жоқ екен.

Енді ет тым қатты қымбаттауы мүмкін емес. Өйткені, бұл мәселені облыс әкімі қадағалап отыр. Тікелей тапсырмалар берілген. Бағаларды тұрақты ұстау үшін, яғни, қатты қымбаттамауы үшін ет өндіретін шаруашылықтар мен арнайы мемарандумға отырып, индекаторлар қойылып отыр. Осы индекаторлар орындалатын болса,  қымбаттамайды деген болжам бар, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеев.

Жауаптылар бағаның өсуіне  көктемгі тапшылық себеп дейді. Яғни, жұрт күз бен жазда жаппай соғым сойған кезде, баға арзандайды. Қыс пен көктем мезгілінде шарықтап шыға келеді екен. Сондықтан, бағаның жақында бастапқы қалыпқа келуі екіталай. Ал, ет сатып алу үшін ақшасын қимағандарға тауық етін місе тұта тұруына тура келетін сияқты.