Фото: Әділбек Самаликов

Тараз. 77news — «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келді. Ең алдымен  «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан 15-ші шағын ауданның құрылысымен танысты, деп хабарлайды 77news.kz AA тілшісі.

Ибрагим Сүлейменов көшесінде 15-ші шағын ауданды салу үшін 362 гектар жер бөлінген. Құрылыс жоспарына сәйкес, 10 мың пәтерлі 39 көпқабатты үйдің жобасы дайындалыпты. Бұдан басқа, алдағы 5 жылда 922 жекеменшік үй және бірқатар әлеуметтік нысандар салу жоспарланып отыр екен. Мәулен Әшімбаев, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Нұрлы жер» және «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалары жеке тұлғаларға ғана емес, құрылыс компанияларына да пайдалы екендігін айтты.

Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамаға барлығы 37 көппәтерлі үй дайындалып жатыр. Олардың ішінде 2 жоба мемлекеттік сараптамадан өткен. Құрылыс басқармасы басшысының айтуынша, шамамен 10 жобаның қорытындысы 1 шілдеде дайын болады екен. Бүгінде «Бином» серіктестігі өз тәжірибелеріндегі алғашқы үй ғимаратын салуда.  Бас инженер құрылыс материалдарының  отандық өнім екендігін айтып өтті.

Естеріңізге сала кетейік, бұл ықшамаудан жақында магистральдық және ішкі инженерлік желілермен қамтамасыз етілетін болады. Белгілі болғандай, тұрғын үйдің әр шаршы метрі 120 мың теңгеден аспайтын болды.