Фото: жеке дерек көзінен

Тараз. 77news — Жазушылар Одағының Жамбыл облыстық филиалына жаңа басшы тағайындалды. Осы уақытқа дейін бұл қызметті  атқарып келген жазушы Несіпбек Дәутайұлының орнына жас ақын Хамит Есаман келді, деп хабарлдайды 77news.kz. 

Бүгін «Руханият» орталығында өткен жиында одақтың төрағасы бекіткен құжат жаңа директорға арнайы табысталды. Төраға орынбасары Бақыт Беделхан жас ақынның алдағы уақытта жаңа жобаларды жүзеге асыратынын айта келіп, жұмысына сәттілік тіледі. Ал, аға буын өкілдері жаңа басшы руханият пен сөз өнерін дамытуға  жаңа леп әкеледі деген үмітте.

Хамит Есаман – әдебиет әлеміне өзіне тән ерекшелігімен келген ақын. Ол 1986 жылы 16 тамызда Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Тереңөзек ауылында дүние есігін ашқан. Тараз педагогикалық институтының түлегі.

Жазушылар Одағының жаңа басшысы, жүгі ауыр үлкен жауапкершілікті сеніп артқан аға буынға рақмет айта отырып, алдағы уақытта қазақтың руханиятына, Әулиеата өңірінің інжу-маржандарын, жалпы жоба-жоспарларын жүзеге асыруда аянбай тер төгуге сөз беретінін айтты.