Тараз. 77news — Биыл  Байзақ ауданына — 80 жыл. «Қырық жылда қазан жаңа» дегендей екі қырықты өткізген аудан көркі жыл-жыл жаңарып келеді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Байзақ ауданы әкімі Рахматілдә Рахманбердиев баяндап берді, деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агентігінің тілшісі.

Әкім ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен 2018 жылға қойылған міндеттері турасында мәлімдеме жасады. Байқағанымыздай, дамудың әр саласында да серпін бар.

Биыл ауыл шаруашылығында егіс алқабын 53 400 гектарға, тамшылатып суару технологиясын пайдаланатын алқапты 338 гектарға ұлғайту жоспарлануда.

Ал мал шаруашылығы саласында мемлекеттік қолдауға қол жетімділікті кеңінен қамтамасыз ету мақсатында былтыр 50 кооператив құрылған болатын. Биыл осыған қосымша тағы 18 ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жоспарланып отыр.

Үдемелі индустриалды-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарлама аясында 2 жоба іске асырылады деп жоспарлануда. Олар: Мырзатай ауылдық округінде «Әулие-Ата Феникс» ЖШС сою цехының қалдықтарын өңдейтін құрылғы алу жобасы, Жаңатұрмыс ауылдық округінде көкөніс консервілеу цехы мен  қойма салу жобасы.

Сондай-ақ, биыл аудан арқылы өтетін облыстық маңызы бар екі жол: «Тараз —  Сарыкемер — Түймекент — Ақшолақ», «Тараз — Жетібай — Тегістік — Ойық» автомобиль жолдарының қайта жөндеу жоспарда бар екен.

Ауданда азаматтардың спортпен айналысуға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында биыл 8 ауылда (Сарыкемер, Ботамойнақ, Қостөбе, Үлгілі, Көктал, Жаңатұрмыс, Мырзатай, Түймекент) Street workout спорттық алаңдарын соғуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар 2 ауылда (Шахан, Көкөзек) медициналық тіректер құрылысы бастамақ.

Аудан үшін маңызды күн 80 жылдық тойды жаңа саябақта тойлауды бекітіп отырған көрінеді. Жаңа демалыс бағына аудан аумағынан 6 гектар жер телімі Талас өзені бойында орналасқан Сарыкемер мен Қызыл жұлдыз ауылдарынан жер телімі бөлінген. Аталмыш орынды салуға жергілікті бюджеттен қаржы да қарастылып  қойыпты.