Тараз. 77news — Т. Рысқұлов ауданында көктемгі дала жұмыстары басталды. Мәселен, «Дауылбай» шаруа қожалығы алғашқылардың бірі болып қант қызылшасын отырғызып жатыр, деп 77news.kz тілшісі.

Ақ қардың көбесі сөгіліп, жер сызы кетісімен көктемгі дала жұмыстары басталды. Айталық, Абай ауылдық округінде ауыл шаруашылығы мақсатына арналған 4000 га егістік жер телімі бар. Қазірдің өзінде мұнда диқандар қызу тірлікке кірісіп үлгерген.  «Дауылбай» қожалығы жүргізіп жатқан дала жұмысы соның айғағы. Олар Германиядан тәтті түбірдің «Вьюрика» деп аталатын асыл тұқымын алдырған екен. Бүгінде егістік жерлері жыртылып, тұқым толық себіліп біткен.

Жеке кәсіпкер биыл қылшаны 65 гектарға себуді жоспарлап отыр екен. Айтуынша, былтыр өнім бітік шығып, мол табысқа кенелген. Сондықтан, 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған шаруа кәсібінің көкжиегін кеңейтпекке бекіген. Ал ауыл басшылығы қуана қолдап, қажетті жер үлесін бөліп беріпті.

Алайда, ауылдық округте мәселе де жоқ емес. Оның ең өзектісі тау суы дейді – округ әкімі. Айтуынша, қазір «Қазсушар» мекемесімен бірлесіп жұмыс атқарылып жатыр екен. Сондай-ақ, 6 шақырымға созылған лотокты жөндеу жұмыстары аяқталатын болады.