Тараз. 77news — Осыдан екі жыл бұрын, дәл осы сәтте, дәл осы күні еліміздің әуе толқынына жаңа телеарна қосылған болатын. Жамбыл облысында бұрын соңды болмаған коммерциялық телеарна бүгін екі жасқа толып отыр.

Идеология құралы ретінде өңір, қала берді, қазақ елі үшін әр іске мұрагерлік мұратпен үңілді. Бүгінгі биіктен бағаласақ, бұл ретте жас ұжымның жасаған жасампаз жобалары жұртшылықтың жүрегіне жол таба алды. Бәсеке бәйгесінде біраз белес бағындырды.

Теңіздің дәмі тамшыдан. Үлкен от та майда шырпыдан шығарын ескерген басшылар шығармашыл жастарды жиып жаңа ұжым жасақтады. Алғашқы қадамынан-ақ көзі қырақты көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп үлгерген ұйымшыл ұжым, тың жобаларын бірінен соң бірін ұсына берді. Тіпті, телеарна дизайнерлері жасаған жарнамалық роликтер өңір телевизиясында серпіліс жасады десек қателеспейтін сияқтымыз. Мәселен, 3-Д трекинг анимацияларын айталық. Бұл, сөзсіз, тынымсыз еңбектің табысты нәтижесі.

«Дерек пен Дәйек», латын қарпіне негізделген «Дарадан даналық» сынды аралық бағдарламалар да көңілі күнтізбедей көнерген көрерменнің көзайымына айналды. Жалпы, 2017 жыл «77tv» телеарнасы үшін толайым табысқа толы болды. Себебі, дүйім дүниенің дидарын бұрған халықаралық «Экспо-2017» көрмесін насихаттауда аймақтық 55 БАҚ ішінде үздік деп танылып, басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің арнайы алғыс хатымен марапатталған болатын.

Сондай-ақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Туған жер» бағдарламасы ашылып, бүгінге дейін жұмыс жасап келеді. Бағдарламаның басты мақсаты ұлт болашағы жастарды отансүйгіштікке баулу болатын. Әрі елі үшін еңбек етіп, ел намысын қорғаған жамбылдық тұлғаларды үлгі етуді еді.

Тұсауы көкек айында кесілген телеарнаның небары 2 жыл ішінде жеткен жетістігі мұнымен бітпейді. Өйткені өз ісінің мамандары, біздің әріптестеріміз, облыс, қала әкімдерінің алғыс хаттарын алды. Түрлі спорттық іс-шараларға қатысып, оқ бойы озып шықты. Анығы, өңір телевизиясына жаңа бір леп сыйлады.