Тараз. 77news — ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысының «7-20-25» бастамасын жүзеге асыру шараларына түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі кезде «Нұрлы жер» бағдарламасына түзетулер енгізілуде. Бұл шаралар жаңа «7-20-25» бағдарламасына қосымша инфрақұрылымның қажеттігіне байланысты жасалып отыр. Сондықтан аталған бағдарлама аясында қосымша жұмыстар жоспарланып отыр», — деді министр Үкімет отырысынан кейін.

Оның сөзіне қарағанда, ипотекалық займдарды беру екінші жартыжылдықтан бастап жоспарланған.

«Ұлттық банк екі айдың ішінде бағдарламаны бекітіп, екінші жартыжылдықтан осы ипотеканы беруді бастайды. Бұл тұрғыда жаңа тұрғын үйлер ескеріліп отыр», — деді ведомство басшысы.

Бұдан бөлек, ол «Нұрлы жер» бағдарламасы ары қарай жалғасатынын атап өтті.

«Нұрлы жер» бағдарламасы сәтті іске асырылып жатыр. Жеке тұрғын үй құрылысын қолдау, несиелік әрі арендалық баспана, ипотека бұрынғысынша сақталады», — деді Ж. Қасымбек.

Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының бірі «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын іске асыруға байланысты «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасына өзгерістер енгізілетіні туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз.